Төтенше жағдайлар министрі Юрий Ильин брифинг өткізіп, Қостанай облысындағы алапат өрттен зардап шеккендерге көмек берілетінін хабарлады.
"Өрт кезінде зардап шеккен тұрғын үй шаруашылықтарына бағалау жүргізіледі. Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша табиғи апаттан болған шығынды өтеу үшін қаржы бөлу мәселесін Үкімет қарастырады", – деді Юрий Ильин.
Министрлік мәліметінше, қазір өрттің сегіз ашық ошағы бар. Облыстағы 106 мың орман қорының 43 мың гектарын өрт шалған.
Өрт кезінде Аманқарағай ауылында 86 жастағы зейнеткер адамның мәйіті табылды.
"Бүо 1936 жылғы мүгедек адам. Жедел іздестіру шаралары кезінде учаскелік инспектордың ескертуіне қарамастан, оның эвакуациядан бас тартқаны белгілі болды. Дегенмен, адам өліміне қатысты тергеу шаралары жүргізіледі", – деді министр.
Еске салайық, орман өрті Қостанай облысында 2 қыркүйек күні басталып, елді мекендерге тараған. Соңғы деректерге сәйкес, бір адам қайтас болып, 10 адам түрлі жарақаттар мен күйік алған. 108 ғимарат зардап шеккен.
Өртті өшіру жұмыстары әлі жалғасып жатыр.