Тікелей эфир

Қазавтожол Шамалғандағы жолайрық құрылысы неге мерзімінен кешігіп жатқанын түсіндірді

Компанияның Алматы облыстық филиалы дерегінше, құрылыс жұмыстары 80 пайыз аяқталған.

Шамалған станциясында пойыз бен автобус соқтығысқан жердің жанындағы жолайрық құрылысы 2 жыл өтсе де, әлі салынып бітпеді. Жоспар бойынша, құрылыс биыл желтоқсанда аяқталып, айналма көпір қолданысқа берілуі керек еді. Жергілікті тұрғындар арасында "қанды өткел" аталып кеткен тұс осы күні шаң-тозаң, кешкісін ұзын сонар кептеліске айналады, деп хабарлады 31 арнаның Информбюро ақпараттық бағдарламасы.

"Қазір көпірдің құрылысы тұралап қалған. Таңнан бері мұнда жұмыс істеп жатқан бірде бір маман мен техниканы байқамадық. Ал қасындағы қысқа ғана қара жолдың кесірінен жүргізушілер сағаттап кептелісте тұратынын айтады", – дейді арна тілшісі Өмір Серікбекұлы.

Алайда "Қазавтожол" өкілінің сөзінше, мұнда құрылыс тоқтамаған. Осы күні айналма көпір 80 пайызға аяқталған. Ал құрылыстың уақытылы бітпеуіне маңайдағы әлі сатып алынбаған тұрған 6 үй ғана себеп. Сонымен қатар, қиыршық тас пен цемент те уақтылы жеткізілмей қалады.

"Жобалық карьерде топырақ бітті, енді жаңа карьер ашу керек. Ол үшін қосымша қаражат қажет. Сол мәселелер шешілмей жұмыстар оңайлықпен біте қоймайды", – деді "ҚазАвтоЖол" ҰҚ АҚ Алматы облыстық филиалы директорының міндетін атқарушы Болатбек Айтбаев.

Жауаптылар жіпке тізген мәселелер осы қыста оңынан шешілсе, бес ауылдың мыңдаған тұрғыны қатынайтын көпір көктемде қолданысқа беріледі екен. Ал сол қанды оқиғадан кейін жүргіншілерге арнап жедел түрде тұрғызылған көпір арқылы өтіп жатқан адам аз. Елдің көбі үйренген тәсіл бойынша, пойызды күтіп, шлагбаум ашылған соң көліктермен бірге өтіп жүр.

Материалдың толық нұсқасын төмендегі видеодан көріңіз:

 

Серіктестер жаңалықтары