Тікелей эфир

Қазақстанның бірнеше аймағында оқу-жаттығулар кезінде сирена қосылады

Құтқарушылар 3 және 4 маусымда командалық-штабтық оқу-жаттығуды өткізеді.

Төтенше жағдайлар министрлігі 3-4 маусымда еліміздің сейсмикалық қауіпті өңірлерінде, Алматы, Шымкент қалалары мен Абай, Жетісу, Алматы, Шығыс Қазақстан, Жамбыл, Қызылорда және Түркістан облыстарында "Жер-2024" Республикалық командалық-штабтық оқу-жаттығуы өтетінін хабарлады.

Оқу-жаттығуды үйлестіру жөніндегі республикалық штаб Шығыс Қазақстан облысы Өскемен қаласында орналасқан.  

"3 маусым сағат 10:00-де жойқын жер сілкінісіне ұшырау мүмкіндігі бар аталған өңірлерде «Баршаның назарына!» сирена-сөйлеу құрылғыларын іске қосылады. Сондай-ақ, адам көп жиналатын объектілерде сейсмикалық жаттығулар өткізіледі", – деп жазылған хабарламада.                 

Оқу-жаттығу азаматтық қорғаудың мемлекеттік жүйесінің жойқын жер сілкінісі нәтижесінде туындаған төтенше жағдайды жоюға дайындық деңгейін арттыру мақсатында жүргізіледі.

Аталмыш іс-шара республикалық және өңірлік азаматтық қорғау қызметтерінің, жергілікті атқарушы органдардың қатысуымен, шартты түрде жойқын  сілкініс кезіндегі іс-әрекеттерді пысықтау арқылы өткізіледі.   


Оқи отырыңыз: Алматыда сейсмикалық жаттығу өтеді


Оның барысында авариялық-құтқару жұмыстары, зардап шеккен тұрғындарды шұғыл қабылдау пункттері, оларды қабылдау мен көмек көрсетуге арналған палаткалық лагерлер мен далалық медициналық ауруханалар көрсетілетін болады.

Серіктестер жаңалықтары