Тікелей эфир

Қазақстанға құны 1 триллион теңгеден асатын активтер қайтарылды

Мемлекетке қайтарылған ғимараттар Алматы мен Астанадағы жоғары оқу орындарының қарамағына берілді.

Мемлекет меншігіне 2022 жылдан бері 1,09 триллион теңге болатын активтер қайтарылды, деп хабарлады Сыбайлас жемқолыққа қарсы іс-қимыл агенттігі.

Биылғы жылдың басынан бастап Антикор аяқталған қылмыстық істер бойынша шамамен 195 млрд теңгені қайтарды.

Қайтарылған активтердің басым көпшілігі сотталған Қайрат Сатыбалдының жымқырғандары. Атап айтар болсақ, Сатыбалды Алматыдағы құны 7,9 миллиард теңгеден асатын Kaisar Tower бизнес орталығын, құны 800 миллион теңгеден асатын әкімшілік ғимараттар мен Астанадағы құны 5 миллиард теңгеден асатын үш зәулім үйді қайтарып берген болатын.

Қазіргі таңда мемлекетке қайтарылған ғимараттар Алматы мен Астанадағы жоғары оқу орындарының қарамағына берілді. 

"Бизнес орталығы Қазақ ұлттық қыздар педагогикалық университетіне, әкімшілік ғимарат Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясының меншігіне өтті. Ал зәулім үйлер елорда әкімдігінің психологиялық-педагогикалық түзету мекемесіне берілді", – делінген хабарламада.

Сонымен қатар бірқатар шет мемлекеттерден бағалы қағаздар, ақша, жылжымайтын мүліктер мен зергерлік бұйымдар қайтарылды. Мысалы, Австриядан – 36,8 млрд теңгенің мүлкі, Лихтенштейннен – 116,7 млрд теңге, БАӘ – 6,3 млрд теңге, Түркиядан – 2,2 млрд теңге қайтқан. Сонымен бірге бұрынғы индустрия вице-министрі Тимур Тоқтабаевтың өкілетін асыра пайдаланғаны туралы қылмыстық іс бойынша Шевченковское кен орны мемлекет меншігіне өтті. Қостанай облысындағы бірегей кен орнында 5,6 триллион теңгеден астам никель мен кобальт қоры бар.

Серіктестер жаңалықтары