Қазақстан мектептеріндегі сынып жетекшілігін қоса алған мұғалімдерге төленетін қосымша ақыны кезең-кезеңмен 30 пайызға арттыру мәселесі қарастырылып жатыр. Бұл туралы ҚР премьер-министрі Олжас Бектеновтің мәжіліс депутаттарына берген жауабынан белгілі болды.
"Оқушылармен және олардың ата-аналарымен тікелей жұмыс істейтін 220 мың сынып жетекшілерінің қызметін жүйелеу мақсатында олардың қызметі мен біліктілік сипаттамалары туралы ереже қайта қаралып жатыр. Олардың мәртебесін арттыру үшін бюджет мүмкіндігіне қарай сынып жетекшілігі үшін төленетін қосымша ақыны кезең-кезеңмен 30 пайызға арттыру мәселесі қарастырылып жатыр", – делінген үкімет басшысының жауабында.
Қазақстанда, сондай-ақ, сынып жетекшілерінің біліктілігін арттыру мақсатында жыл сайынғы "Үздік сынып жетекшісі" республикалық байқауы өтеді. "Біртұтас тәрбие" бағдарламасы аясында "Өркен" институты ұйымдастырған байқауға биыл 5 мыңға жуық сынып жетекшілері қатысты. Байқау қорытындысы бойынша Павлодар облысы Май ауданы Е.Мұқашев атындағы мектеп педагогы Ғаламат Жаңабек пен Абай облысы электротехника колледжінің педагогы Шыңғыс Шынарбек Гран-при алды.
Оқи отырыңыз: Қазақстанның үздік сынып жетекшісі кім