Тікелей эфир

Қазақстанда қариларға арналған ижаза орталығы ашылады

Қазіргі таңда қарилар ижаза алу үшін Түркия мен Мысырға барып тәлім алуы тиіс.

Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы елімізде Құран жаттап, қари атанып, ижаза алғысы келетіндер үшін ижаза беру орталығын ашуды жоспарлап отыр. Бұл туралы ҚМДБ Діни білім және кадр даярлау бөлімінің меңгерушісі Смайыл Сейітбековтың сұхбатынан белгілі болды.  

"Мұсылман елдерінде ғасырлар бойы Құран жаттау орталықтары ашылып, қарилар дайындады. Діни басқарма да осынау ұлық амалды жүзеге асыру үшін мешіт жанындағы сауат ашу курстарында Құран оқу мен жаттатуды үйретіп келеді. Ал қари болғысы келетіндерге арнап Құран жаттау орталықтарын ашты. Қазіргі таңда ресми тіркеліп жұмыс жасап тұрған 7 қарилық орталық бар. Бұдан бөлек орталық мешіттер жанындағы курстарда мыңдаған бала Құран жаттап, қари болуға талпынып жүр", – деді Смайыл Сейітбеков.

Сонымен қатар Смайыл Сейітбеков Қазақстанда ижаза беру орталығын ашуды жоспарланып отырғанын айтты.

"Ижаза демекші, бірқатар қариларымыз ижаза алу үшін Түркия мен Мысырға барып, атақты қарилардан тәлім алып жатыр. Ижаза дегеніміз – ардақты Пайғамбарымыздан күні бүгінге дейін тіні үзілмей келе жатқан ұстаздар тізбегімен берілетін рұқсатнама. Сол ижазаны алу оңай емес. Бас мүфтидің шешіміне сәйкес ижаза алғысы келетін қариларға арнап, ижаза беру орталығын ашуды жоспарлап отырмыз. Орталыққа танымал шетелдік қариларды шақырту жұмыстары жүргізіліп жатыр. Себебі олардың бұл саладағы тәжірбиесі мол. Мақсатымыз солардың тәжірибесін меңгеріп, отандық қарилардың деңгейін көтеру. Нәтижеде алдағы уақытта біздің де қариларымыз бірнеше қырағат иесі болып, ижаза беретін қариларымыздың санын артатын болады", – дейді Смайыл Сейітбеков.


Оқи отырыңыз: Ұрық доноры, жасанды түсік, және ЛГБТ. ҚМДБ ғұламалар кеңесі биыл қандай пәтуалар шығарды?

Серіктестер жаңалықтары