Бұл туралы "Қазақстан темір жолы" ұлттық компаниясы мен француздың Alstom компаниясы арасында ынтымақтастықты дамытуға бағытталған келісімге қол қою кезінде белгілі болды.
Қазақстанда франциялық компанияның 7 өндірістік нысаны жұмыс істейді. Екі бірлескен кәсіпорын – Нұр-Сұлтан қаласындағы электровоздар жасаумен және оларға техникалық қызмет көрсетумен айналысатын Электровоз құрастыру зауыты және бағыттамалық жетек жасаумен айналысатын Алматыдағы ҚазЭлектроПривод және техникалық қызмет көрсететін үш депо, бір сервистік орталық және әкімшілік кеңсе бар.
"Ұзақ мерзімді ынтымақтастық келісімі аясында алдағы уақытта 369 электровоз шығаруды жоспарлап отырмыз, оның 260-ы жүк, 119-ы жолаушы пойыздарының локомотивтері. Сонымен қатар электровоздарды экспортқа шығарумен айналысамыз. 40 жүк электровозын Әзербайжанға экспорттау көзделген болса, соның 24-і жөнелтілді. Машина 9 мың тоннаны тарта алады, электровоз кабинасы локомотив бригадасы үшін жайлы етіп жасалған", – деді Alstom компаниясының Батыс және Орталық Азия бойынша атқарушы директоры Гийом Триттер.
Оның сөзінше, зауыт былтырдан бері тартымдық трансформатор шығара бастаса, биыл толығымен Қазақстанда құрастырылған алғашқы жолаушылар локомотивін жасады. Қазір зауыттағы жергіліктендіру үлесі 30 пайызға жеткен. Кәсіпорын басшылары оны енді 40 пайызға жеткізуді жоспарлап отыр.