Қазақстанда бір уақыт белдеуіне көшу туралы бастама тоқтатылды. Бұл туралы Информбюро порталының сауалына жауап берген Сауда және интеграция министрлігінің баспасөз қызметі хабарлады.
Еске салайық, 2021 жылғы 14 желтоқсанда Сауда және интеграция министрлігінің алаңында барлық жергілікті атқарушы органдардың, орталық мемлекеттік органдардың және ғылыми-зерттеу институттарының өкілдерімен Қазақстан аумағында уақытты есептеу тәртібі бойынша жұмыс кеңесі өткізілген. Кеңес бір уақыт белдеуіне көшудің тиімділігін дәлелдеп, бұл ұсынысты Үкіметке ұсынған болатын.
Алайда, Сауда және интеграция министрлігі баспасөз қызметінің түсіндіруінше, 2022 жылғы 28 қаңтарда Денсаулық сақтау министрлігі бұл ұсынысты Республикалық психикалық денсаулық ғылыми орталығымен, Астана, Қарағанды және Семей медициналық университеттерімен бірлесіп талқылаған.
"Кеңес қорытындысы бойынша қолданыстағы уақытты есептеуді өзгеріссіз қалдыру туралы шешім қабылданды, ал жергілікті атқарушы органдарға өздерінің нормативтік құқықтық актілерімен "күндізгі жарық" пен жұмыс уақытының айырмашылығына байланысты ұйымдастырушылық мәселелерді реттеу ұсынылды. 2022 жылғы 11 ақпанда Президент әкімшілігі Үкіметтің осы ұсынысын қабылдады және бұл мәселе бақылаудан алынды. Өз кезегінде, халықтың денсаулығына зиян келтірудің расталған жағдайлары және Денсаулық сақтау министрлігінің тиісті қорытындысы болған кезде Сауда және интеграция министрлігі қажетті жұмыстарды жүргізуге дайын", – деп жауап берді министрліктің баспасөз қызметі.
Еске салайық, Қазақстанда 2 уақыт белдеуі қолданысты. 2018 жылғы 21 желтоқсанда ҚР Үкіметінің шешімімен Қызылорда облысының жергілікті уақыты 1 сағатқа, яғни 5-сағат белдеуінен 4-сағат белдеуіне ауыстырылды.
Оқи отырыңыз: Қызылордада жергілікті уақыт 1 сағат кейінге шегерілетін болды