Жуырда Сенат жастар саясаты туралы заң жобасын мақұлдады. Оған сәйкес, Қазақстанда 35 жасқа дейінгі азаматтар "жастар" санатына кіреді. Осыған байланысты Қарулы күштер ардагері мерзімді әскери қызметке шақыру жасын 30 жасқа дейін көтеру қажет екенін айтқан болатын.
Қорғаныс министрлігі бұл ұсынысты қарастыра ма? Бұл сауалды Informburo.kz порталының тілшісі құзырлы министрліктің баспасөз қызметіне қойды.
Қорғаныс министрлігі баспасөз қызметінің жауабынша, ведомство әскерге шақыру жасын ұлғайту мәселесін қарастырып жатқан жоқ.
Оқи отырыңыз: Қарулы күштер ардагері: Әскерге шақыру жасын 27-ден 30-ға көтеру қажет
Қолданыстағы заң бойынша, Қазақстанда мерзімді әскери қызметке 18-27 жас аралығындағы азаматтар шақырылады.
Алайда, әлемде 30 жасқа дейінгі азаматтарды мерзімді әскери қызметке шақыру үрдісі бар. Мысалы, Ресей, Финляндия, Біріккен Араб Әмірліктерінде 30 жасқа дейінгі азаматтар мерзімді әскери борышын өтеуге міндеттелген.
Еске салайық, 2023 жылы Қазақстанда 37 056 адамды әскерге шақыру жоспарланып отыр. Жастар әскерге қалай іріктелетінін және қандай негізде әскери борышын өткермей-ақ әскери билет алуға болатынын informburo.kz материалынан оқи аласыз.