Қасым-Жомарт Тоқаев парламент пен президент билігінің арасында тепе-теңдіктің болуының маңыздылығын атап өтті.
"Бүгін еліміздің тарихындағы өте маңызды күн. Халқымыз бүгін бетбұрысты шешім қабылдамақ. Сондықтан бәрі жақсы болады деп ойлаймын. Ешқандай мәжбүрлілік жоқ. Референдум жоғары деңгейде ұйымдастырылған. Бәрі дұрыс болады деп ойлаймын", – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Президент өзінің басты қағидаттарын атады.
"Ең алдымен, халқымызға адал қызмет ету, Конституциямызды қатаң сақтау. Басқа ұмтылыс немесе қағидатым жоқ. Алдымызда тұрған мақсатымыз, жұмысымыз өте ауқымды. Бәріміз ұлт болып, ел болып жұмыс істеуіміз керек. Еліміздің қауіпсіздігіне төнетін қауіп-қатер аз емес. Сондықтан еліміз өте қырағы болуы керек. Бәріміз біртұтас халық болып қауіп-қатерлерге тойтарыс беруіміз керек", – деді президент.
Оқи отырыңыз: Қызылордада 101 жастағы майдангер бірінші болып дауыс берді
Мұнымен қатар, мемлекет басшысы парламент пен президент арасында тепе-теңдіктің болуының маңыздылығына тоқталды.
"Президент мемлекет басшысы ретінде әрбір тәсілді қолдануға құқылы. Ешқандай текетірес жоқ. Ең алдымен, парламент пен президент арасындағы тепе-теңдік, баланс болуы керек. Бұл демократияның бір көрінісі деп ойлаймын. Президентке ешқандай тосқауыл болмайды. Қару-жарақты я болмаса тағы басқа тәсілдерді пайдалану. Қаңтар оқиғасының біздің елімізде қайталанбайтынына менің күмәнім жоқ", – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.