Елімізде тосап қайнататын мезгілде жеміс-жидектердің бағасы шарықтап барады. Әсіресе, Петропавлда шиенің бағасы аспандап тұр, деп хабарлайды 31-арнаның "Информбюро" ақпараттық бағдарламасы.
Былтыр шелегін 2 мың теңгеге сатқан саудагерлер, қазір бұл жидектің бір келісінің өзін үш мың теңгеден саудалауда. Тұрғындар арасында сұранысқа ие таңқурайдың да бағасы осы шамада.
Жеміс-жидек сататын базарларда келушілер қарақат, таңқурай сияқты дәрумендерге толы жидек түрлерінің бағасы былтырғымен салыстырғанда 50 пайызға аспандап кеткенін айтады. Әсіресе шиенің бір келісі қазір екі мың теңгеден басталып, 3 мың теңгеге дейін барады. Сатушылар да бағада өзгерістің барын мойындайды.
"Нағыз жеміс-жидек өсетін кезде бір тамшы жаңбыр жаумады. Аптап ыстық болды. Сондықтан барлық жеміс қурап, күнге күйіп кетті. Таңқурай гүлдей бастағанда қатты салқын болды. Мәселен, биыл жылда сататын таңқурай мүлдем жоқ", – деді сатушы Галина Иванова.
Оқи отырыңыз: "Үш метр жерге 7 млн теңге сұрады". Алтын Орда базарының саудагерлері жаңа басшыға қарсы шықты
Мамандардың айтуынша, жидек өнімдерінің шарықтауына жаздағы құрғақшылық себеп. Әсіресе, елімізді жеміс-жидекпен қамтамасыз етуі тиіс оңтүстік өңірлерде жазда жаңбыр болмағандықтан өнім де аз шықты, дейді.
"Шілде-тамыз айларында баға төмендей бастайтын. Биыл бұндай тенденция байқалмайды. Шиенің бағасы 78 пайызға, қарақат 26 пайызға, таңқурай 11 пайызға өскен. Құлпынай 1 жарым пайызға қымбаттаған", – деді СҚО статистика департаменті басшысының орынбасары Жұлдыз Нұрғалиева.
Сондай-ақ жеміс-жидектің басым бөлігі әлі күнге дейін Орталық Азия елдерінен импортталады. Өзімізде шығатын өнім болмағандықтан олардың бағасы әлдеқайда қымбатырақ болатынын айтады.