Тікелей эфир

"Кел де ала бер". Түркістан облысында мұқтаж жандарға арналған тегін дүкен ашылды

Дүкенде төрт мезгілге арналған киім-кешектер мен өзге де бұйымдарға, тіпті тұрмыстық техникаға дейін бар.

Түркістан облысы, Ордабасы ауданына қарасты Төрткүл ауылында ерекше дүкен бар. Ерекшелігі сол – мұқтаж адамға киім-кешек, ыдыс-аяқ, көрпе-төсек, тіпті тұрмыстық техникаға дейін бәрі тегін беріледі. Бұл туралы massaget.kz хабарлады.

Мұқтаж адам алып, артық зат болса, апарып өткізуге болады. "Төрткүл тегін заттары" дүкенінің ашылатыны жайлы хабар 20 күн бұрын ғана хабарланған. Осы уақытта дүкен іші төрт мезгілге арналған киім-кешектер мен өзге де бұйымдарға, тіпті тұрмыстық техникаға толып қалған.

Фото: massaget.kz

 "Басында жұрт қалай қабылдар екен деп біраз жүрексініп едік. Өзіміз тұтынбайтын жаңа киімдер мен бұйымдар, тіпті жиһаздарды біреуге бергіміз келеді деген сұраныс көп болды. Соған орай мұқтаж жандарды көп сұрайтын. Себебі біреудің үйіне апарып беру ыңғайсыз.  Ойластырып, осындай орталық ашуды ұйғардық. Шүкір, алатындар да, беретіндер де табылып жатыр. Ауылымыздың азаматтары киімдерді, заттарды алып игілігіне пайдаланса, бізге соның өзі - қуаныш", – дейді дүкен иесі Едіге Амангелді

Алты баланың анасы Жазира Бейсенова тегін заттар дүкені ашылғалы біршама уайымнан арылғанын айтты.

Фото: massaget.kz

"Қымбатшылық қысып тұрған шақта бір емес, бірнеше балаға киім-кешек, т.б. сатып алу мүмкін емес. "Іздегенге – сұраған" дегендей, міне, қайырымды жандар осындай мүмкіндік туғызып қойды. Бәрі тегін, кел де, ала бер. Шалбар, көйлек бер жағы, мұнда перде мен кілем, ыдыс-аяқ, тіпті теледидар мен кір жуатын машинаға дейін әкеліп жатыр. Соны алатын адамдар да табылып жатыр. Бұл дүкен кеңейе берсін!" – деді ол.

Дүкен ғимаратын жалға берушілер де нысанды тегін ұсынып отыр.

Бұл мақала сізге пайдалы болды ма?
0

  Егер мәтінде қате болса, оны белгілеп, Ctrl+Enter батырмасын басыңыз

  Егер мәтіндегі қатені смартфонда көрсеңіз, оны белгілеп, «Қатені хабарлау» батырмасын басыңыз

Серіктестер жаңалықтары