Каспий теңізінің жағалауына мониторинг жүргізу барысында табылған өлі итбалықтар саны артты, деп хабарлады Балық шаруашылығы комитетінің баспасөз қызметі.
31 наурызда инспекция қызметкерлері жергілікті атқарушы органмен бірлесіп, Каспий теңізінің жағалауын қарау кезінде 16 өлі итбалықтың өлекселерін тапқанын атады. Ал 1 сәуіріндегі жағдай бойынша өлі итбалықтардың жалпы саны 78-ге жеткен. Түпқараған аудандық әкімдігі осыған дейін табылған 40 итбалықтың өлексесін жою жүмыстарын жүргізсе, тағы 22 дана итбалық сынама алу үшін сақталып отыр.
Оқи отырыңыз: Каспий жағасында 40 итбалықтың өлексесі табылды
"Табылған өлекселерде физикалық зақым анықталған жоқ. Итбалықтар табылған жерге Алматы қаласындағы Гидробология және экология институтының ғалымдары келді. Олар бүгінде табылған ұшалардан тиісті зертханалық зерттеулер жүргізу үшін ішкі ағзалардың тіндерін (бауыр, өкпе), сондай-ақ азу тістерді, тырнақтар мен жүнді ішінара іріктеуде", - делінген Балық шаруашылығы комитетінің баспасөз қызметінің хабарламасында.
Қазіргі уақытта Жайық-Каспий облысаралық бассейндік балық шаруашылығы инспекциясының қызметкерлері Каспий теңізінің жағалау аймағының мониторингін жалғастырып жатыр.Қазіргі уақытта Маңғыстау облысы бойынша экология департаменті су сынамаларын алды. Ал ветеринариялық станция қызметкерлері ішкі ағзалардың тіндерін (бауыр, өкпе), Каспий итбалығын зерттеу және оңалту орталығы азу тістерін, тырнақтарын және жүніне тиісті зертханалық зерттеулер жүргізіп жатыр.