Отбасы банкінің 1 905 484 клиентінің шоттарына демалыс күндері 122 520 теңге мемлекеттік сыйлықақы түсті. 2022 жылдың қорытындысы бойынша депозиттерге барлығы 75 млрд теңге аударылды.
Мемлекеттік сыйлықақының түскенін Otbasy Bank қосымшасына кіріп, басты беттегі "Менің депозиттерім" бөлімінен көруге болады. Сондай-ақ, осы бөлімде сыйлықақының қай күні түскенін де көре аласыз.
Отбасы банкінде 2,5 млн жинақ шоты бар. Депозиттік қордың өсіумен қатар мемлекеттік сыйлықақының мөлшері де артып келеді.
Мемлекеттік сыйлықақы бұрын үстіне аталмыш сыйлықақы қосылмаған жинақтарға ғана аударылады. Яғни, ағымдағы жылы жинақталған қаражат пен өткен жылы сыйлақақы қосылмаған жинақтардың қалдығы есепке алынады. Өткен жылы депозитте жинақталған сома 200 АЕК-тен асып кетсе, онда сыйлақақысыз қалған айырма сома ағымдағы жылы мемлекеттік сыйлықақыны есептеу үшін ескеріледі.
Оқи отырыңыз: "7-20-25", "Бақытты отбасы" және өңірлік ипотекалар. 2023 жылы қалай баспана алуға болады?
Салымшының банкте бірнеше салымы болса, онда мемлекеттік сыйлықақы олардың біреуіне ғана есептеледі. Салымшы 3 жылға жетпей шартты бұзса мемлекеттік сыйлықақы бюджетке қайтарылады.
2023 жылдың қорытындысы бойынша ең жоғары мемлекеттік сыйлықақы көлемі 138 мың теңгеге теңгеге тең болады. Оны алу үшін Отбасы банкіндегі шотқа кемінде 690 мың теңге (200 АЕК) жинақтау қажет. Ол үшін салымшылар ай сайын депозиттерін шамамен 57 мың теңге салып отыруы керек.