Қазақстанда шетелдіктер үшін ерекше жағдайларды көздейтін бағалы дағдылар мен инвестициялық визаларды енгізу көзделіп отыр, деп хабарлады Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің баспасөз қызметі.
Бағалы дағдылар визасы Қазақстан үшін тапшы және жиі тартылатын кәсіптер бойынша 100 үздік шетелдік маманды тарту мақсатында енгізіледі. Бұл кәсіби мамандардың міндеті – білім трансфері және өндірісте жұмыс істейтін қазақстандықтарды даярлау болады.
Ал инвестициялық виза шетелдіктерге Қазақстанда 10 жылдық тұруға рұқсат береді. Алдағы уақытта Қазақстан экономикасына бір мезгілде 300 мың АҚШ долларын инвестициялаған шетелдік бизнесмендер үшін инвестициялық және іскерлік визалар алу шарттарын қайта қаралмақ. Виза иесі бизнесті тіркеуге, мүлікке иелік етуге, қаржылық операцияларды жүргізуге мүмкіндік алады. Бұл Қазақстанға жылына, әсіресе креативті индустрияны дамыту саласында 100-ге дейін бизнесмен-инвестор тартуды неғұрлым нақты мақсатқа айналдырады.
Оқи отырыңыз: "Ескі мен жаңаның арасынан таңдау жасаймыз". Президент жолдауының толық мәтіні
Бұдан басқа білім беру иммиграциясын дамыту мақсатында келесі жеңілдіктер көзделетін болады:
- шетелдік жетекші білім беру мекемелерін академиялық ұтқырлық бағдарламасына тарту және қос дипломды білім беру практикасын одан әрі дамыту арқылы елдік білім беру инфрақұрылымын кеңейту;
- сұранысқа ие мамандықтар бойынша 100 үздік оқытушыны және сұранысқа ие технологиялар бойынша ғалымдарды тарту. Бұл ретте шетелдік ғалымдар мен оқытушылар үшін тұруға ықтиярхат, ал кейіннен Қазақстан азаматтығын алу құқығын бере отырып, ұзақ мерзімді (10 жылға дейін) «Ғылыми-педагогикалық визалар» көзделетін болады.