Парламент сенатының депутаты Ләззат Қалтаева премьер-министр Әлихан Смайыловқа мүгедектігі бар адамдарды автомобиль көлігімен тасымалдау бойынша қызметтер көрсету мәселелері туралы депутаттық сауал жолдаған болатын. Ол инватакси қызметін Әлеуметтік қызметтер порталында орналастыруды ұсынды. Оның айтуынша, әркім жеткізушіні өзі таңдауы керек және инватаксиді кез келген уақытта шақыра алуы қажет.
Премьер-министр Әлихан Смайылов инватакси қызметіне тапсырыс беретін мобильді қосымша іске қосылатынын мәлімдеді.
“Бүгінгі таңда мүгедектігі бар адамдардың ұсыныстарын ескере отырып, әлеуметтік қызметтер порталы арқылы қызмет көрсету бойынша пилоттық жобаны іске қосу жұмысы жүргізіліп жатыр. Пилот шеңберінде әрбір көрсетілетін қызметті алушы әлеуметтік қызметтер порталында тіркелген өнім берушіден мобильді қосымша арқылы инватакси қызметіне тапсырыс бере алады”, – деп жауап берді премьер-министр Әлихан Смайылов.
Оқи отырыңыз: Мүгедектерге арналған жаңа жәрдемақы. Қайда және қандай құжат өткізу керек?
Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау вице-министрі Ербол Оспанов мүгедектігі бар адамдар таксиді агрегаттардың ақпараттық-диспетчерлік қызметтері арқылы шақыра алатынын айтты. Бүгінде министрлік тасымалдаушылармен келіссөздер жүргізіп жатыр. Мүгедектігі бар адамдар үшін сапар саны, жол жүру ақысының ең көп сомасы, уақыт пен мекенжайға қатысты лимиттер қойылады. Тасымалдаушылар арқылы инватакси қызметін көрсету бойынша алгоритм әзірленеді. Пилоттық жобаны 2023 жылы бірқатар өңірлерде іске асыру жоспарланған.
"Инватакси" жобасына кез келген такси тасымалдаушы қатыса алады. Бүгінде "Яндекс Go" бірінші болып пилоттық жобаға қатысамыз деп ниет білдірді. Тасымалдаушы ақша табу үшін емес, әлеуметтік жоба ретінде қарайды”, – деп жазды Еңбек министрлігі.
Оқи отырыңыз: Мәжіліс депутаты: Мүгедектікті алу мерзімі бір жылға дейін созылады
Жобаға мүгедектігі бар адамдарды тасымалдауға бейімделген автокөліктер мен мүгедектігі бар адамдармен жұмыс істеу бойынша оқудан өткен және рейтингі жоғары такси жүргізушілерін тарту жоспарланған. Онымен қоса қолдау қызметінің бөлек желісі құрылады.