Жыл басынан бері көлікті мас күйінде тізгіндеген мыңдаған жүргізуші өмір бойына көлік басқару куәлігінен айырылды. Бұл туралы ҚР ІІМ хабарлады.
"Көлікті есірткі тұтынып және алкоголь ішіп басқарған 10 мың жүргізушіге әкімшілік қамауға алу түрінде жаза тағайындалды. Сондай-ақ, 12 мың жүргізушіге уақытша көлік басқаруға тыйым салынды. Бұдан бөлек 1 000 жүргізуші өмір бойына жүргізуші куәлігінен айырылды", – деді ҚР ІІМ Әкімшілік полиция комитеті төрағасының орынбасары Серік Түсіпов.
ІІМ өкілі жаяу жүргіншілердің өзі жол ережесін бұзатынын мәлімдеді. 2021 жылдың 7 айында осындай 150 мыңнан астам бұзушылық анықталған.
"Әрбір бесінші жол-көлік оқиғасы жүргізушілердің жылдамдықты асыруынан болып отыр. Осы орайда 2020 жылы жергілікті атқарушы органдармен бірге қосымша 3,5 мың камера орнатылды. Қазір жол ережесін бұзғандарды бақылайтын камералар саны 13 200-ден асады. Биыл олардың көмегімен 1,6 млн ереже бұзушылық анықталды. Полицияның контактісіз бақылауға көшуін ескерсек, мұндай камералар анықтаған жол ережесін бұзу фактілері қазірдің өзінде 140%-дан асып 150%-ға жетіп келе жатыр", – деді ведомство өкілі.
Еске салсақ, шетелдіктер кіргізген көлікті Қазақстаннан шығару мерзімі 30 қыркүйекке дейін ұзартылғаны туралы хабарлаған едік. Қазір елде 3 000 шетелдік азамат кіргізген көлік бар.