Педагогтерді даярлайтын жоғары оқу орындарының саны 86-дан 50-ге дейін қысқарды. Жалпы педагогикалық бағыттар бойынша лицензияға 138 қосымша қайтарылды, деп хабарлады БҒМ баспасөз қызметі.
Биыл қыркүйек айынан бастап жоғары оқу орындары оқытушыларының жалақысы жоғарылап, жұмыс істеп жүрген және тәжірибесі мол мамандарды барынша жұмысқа тартуға заң жүзінде рұқсат етілді. Сонымен қатар, жыл басынан бері БҒМ еңбек нарығының заманауи сұраныстарына бейімделген 300-ден астам білім беру бағдарламасын әзірледі. Академиялық дербестік беріліп, түлектерді сертификаттау жүйесі енгізілді.
"Болашақта балалармен жұмыс істейтін педагогтердің біліктілік мәселесі біз үшін өте маңызды. Мектептердегі оқушыларды өз ісін жақсы көретін мамандар оқытуы керек. Сондықтан бұл мәселеде педагогтерді даярлайтын жоғары оқу орындарының санына емес, олардың жұмыс сапасына баса назар аударған жөн. Ымыраға келу деген болмайды. Елімізде болашақ мұғалімдерді сапалы даярлайтын жоғары оқу орындары бар. Алайда, кейбір университеттердегі тексеру нәтижелері көңіл көншітпейді және университеттердің барлығы бірдей талаптарға сәйкес келе бермейтінін көрсетеді. Министрлік білім беру қызметтерінің сапасын сәйкестендіруге уақыт береді. Егер жоғары оқу орны сапаны жақсарту бойынша жұмыс жүргізбесе, біз қатаң шаралар қабылдаймыз. Атап айтсақ, лицензиядан айырамыз. Мысалы, қазіргі таңда елімізде педагогтерді дайындайтын жоғары оқу орындары аз. Есесіне педагогтерді бәсекеге қабілетті университеттер дайындайды. Уақыт өте келе бұл оң нәтиже береді", – деді БҒМ білім және ғылым саласында сапаны қамтамасыз ету комитетінің төрайымы Гүлзат Көбенова.