Катарда футболдан 2022 жылғы Әлем чемпионаты басталды. Жарыстың алғашқы матчында Эквадор алаң иесі – Катарды 2:0 есебімен жеңді. Биылғы чемпионаттың ерекшеліктері қандай?
Informburo.kz айтулы дода туралы қызықты деректер топтамасын жасады.
1. Қыста өтетін бірінші әлем чемпионаты
Биыл футболдан әлем чемпионаты алғаш рет қыс айларында өткелі жатыр. Себебі жазда Катарда орташа ауа температурасы 40 градустан жоғары болса, қараша-желтоқсан айларында 24-30 градусқа дейін болады. Сол себепті жиырма екінші чемпионат 20 қараша мен 18 желтоқсан аралығында өтеді.
Сонымен қатар бұл Таяу Шығыста өтіп жатқан алғашқы чемпионат болып отыр.
2. Футбол тарихындағы ең қымбат әлем чемпионаты
Forbes мәліметінше, Катар әлем чемпионатын өткізуге 229 миллиард доллар жұмсаған. Турнирдің алдыңғы иесі Ресейдің шығыны шамамен 11,6 миллиард долларды құрады.
Болжам бойынша, Катар экономикасына әлем чемпионатынан, шамамен, 5,4 миллиард доллар табыс түсуге тиіс.
3. Бес қала, сегіз стадион
Жанкүйерлер бір күнде екі түрлі қалада өтетін матчтарды оңай тамашалай алады. Себебі стадиондар арасындағы ең ұзын қашықтық небәрі – 75 шақырым. Бір аренадан екіншісіне бару үшін бір сағат уақыт жеткілікті.
Әлем чемпионаты бес қалада сегіз стадионда өтеді:
- Лусаил қаласындағы Ұлттық стадион (сыйымдылығы – 80 мың көрермен);
- Дохадағы "974" (40 мың көрермен) және "Эль-Тумама" (40 мың көрермен) стадиондары;
- Аль-Хаурдағы "Аль-Байт" (60 мың көрермен);
- Аль-Вакрадағы "Аль-Жануб" (40 мың көрермен);
- Ар Райяндағы "Эдьюкейшн Сити" (45 350 көрермен), "Ахмад бин Али" (44 740 көрермен) және "Халифа" (45 416 көрермен) стадиондары.
Чемпионаттың ашылу матчы 20 қарашада "Эль-Байт" стадионында Катар мен Эквадор құрамалары арасындағы өтті. Ал финал 18 желтоқсанда Ұлттық стадионда өтеді.
4. Әлем чемпионатының ресми бойтұмары – Ла"иб атты орамал
Катардағы турнирдің бойтұмары Ла"иб болды. Ол дәстүрлі араб бас киімі. Орамал параллель әлемдерге портал аша алады деген сенім бар.
5. Чемпионаттың ресми әні – Hayya Hayya
Катарда өткен әлем чемпионатының әнұраны Hayya Hayya әні болды. Композицияны Trinidad Cardona, Davido мен Aisha орындады.
6. Чемпионаттың ресми добы – Al Rihla
Катардағы ойындарда қолданылатын допты Adidas неміс компаниясы ұсынды. Al Rihla – араб тілінен аударғанда "саяхат" дегенді білдіреді. Доптың дизайнында Катар сәулеті мен мемлекеттік туының түстері қолданылған.
Сонымен қатар, ұйымдастыру комитетінің өкілдері Al Rihla чемпионат тарихындағы ең жылдам доп болады деп болжап отыр.
7. "Алтын доп" иегері қатыспайды
Франциялық шабуылшы Карим Бензема биылғы әлем чемпионатына қатыспайды. "Алтын доптың" иегері биыл жарақат алған болатын.
Мұндай оқиға соңғы 44 жылда болмаған. Соңғы рет әлем чемпионаты "Алтын доп" иесінсіз 1978 жылы өткен еді.
8. 32 команда қатысатын соңғы әлем чемпионаты
Катардағы чемпионат 32 команда қатысатын соңғы әлем чемпионаты болмақ.
2026 жылдан бастап қатысушылар санын 48 командаға дейін көбейту туралы шешім қабылданды.
9. Бас төреші – әйел
Катарда өтіп жатқан әлем чемпионатына бірінші рет үш әйел бас төреші ретінде шақырылды. Олар: жапондық Йошими Ямашита, француз Стефани Фраппарт және руандалық Салима Мукасанга.
10. Ресей әлем чемионатына қатыспайды
28 ақпанда ФИФА мен УЕФА халықаралық футбол қауымдастықтары Ресей құрамасының әлем чемпионатына қатысуына тыйым салды. Басты себеп – Ресей мен Украина арасындағы жағдай.
Мұндай шешім қабылдағаннан кейін Ресей құрамасы плей-офф кезеңіне қатысу құқығынан айырылды. Нәтижесінде Польша автоматты түрде іріктеу турнирінің финалына шықты.
Айта кетейік, қазақстандық жанкүйерлер чемпионат матчтарын Qazaqstan және Qazsport телеарналарынан тікелей эфирде көре алады.