Ауыл шаруашылығы фермерлік жылыжайларға мемлекеттік қаржылық қолдау көрсету тәртібін әзірлеп, оны "Өсімдік шаруашылығы өнімінің шығымдылығы мен сапасын арттыруды субсидиялау қағидаларын бекіту туралы" ауыл шаруашылығы министрінің бұйрығына енгізуді көздеп отыр. Құжат жобасы Ашық НҚА порталында жарияланды.
Ауыл шаруашылығы министрі Серік Жұманғарин биылғы ақпанда Түркістан облысына жасаған сапары кезінде ішкі нарықты қолжетімді бағада жеміс пен көкөніспен қамтамасыз ету үшін фермерлік жылыжайларға қолдау көрсету мәселесін көтерген болатын. Осы бастаманың жалғасы ретінде фермерлік жылыжайларға субсидия беру тәртібі айқындалды.
"Бұл ретте өнеркәсіптік жылыжай кешендерінде және фермерлік жылыжайларда жабық топырақта Басым дақылдар өндірісін дамытуды субсидиялауға арналған субсидиялар нормасын белгілеу кезінде шығындар есебінде қысқы-көктемгі немесе күзгі-қысқы кезеңдерде электр энергиясына, газға, көмірге арналған шығыстарды қамтитын 1 дақыл айналымының шығындары ескеріледі", – делінген құжат жобасында.
Ерекше мән беретін жайт, жылытылмаған жылыжайлар субсидияланбайды.
Оқи отырыңыз:
- Шымкентте субсидия алмаған шаруалар көкөніс бағасын 30% көтеруге мәжбүр
- Қара шыбыннан жасалған тыңайтқыш ауыл шаруашылығын қалай дамытады?
Еске салайық, ауыл шаруашылығы министрі Серік Жұманғарин бұған дейін мемлекеттік қолдауға иек артуы үшін жылыжай иелері кәсібін заңдастыруы қажет екенін айтқан болатын. Оның сөзінше, жылыжайлардың 90 пайызында құжат жоқ.
Бұйрыққа өзгерістер енгізу жөніндегі құжат жобасын жария талқылау мерзімі – 21 шілдеге дейін.