Ауыр атлетика федерациясының атқарушы директоры Алдияр Нұралинов сенімді болу үшін қазақстандық атлеттердің алдын ала допинг тексеруден өткенін мәлімдеді.
Сондай-ақ, ол алда Олимпиада ойындарына толық құраммен қатысуды жоспарлап отырғанын жеткізді.
"Бұл жолы Олимпиада ойындары біліктілікке қатысты бірқатар шектеу қойды. Бұған дейін Қазақстаннан екі атлет қатысты. Осы орайда федерация антидопинг шаралары аясында білімді арттыру жұмыстарын жүргізуде. Ұлттық антидопинг орталығының қолдауымен бірқатар семинар мен тренинг өтті. Өзіміздегі жарыстардан бөлек, шетелге шығарда қосымша команданы бақылауға алып отырмыз. Бұл доппинг тест нәтижесінің таза екеніне сенімді болу үшін керек", – деді Алдияр Нұралинов.
Әрі қарай федерация басшысы республика деңгейінде допингке қатысты бұзушылықтар барына тоқталды. Айтуынша, жуырда Қостанайда өткізілген жастар арасындағы жарыста бір спортшы допингпен ұсталған. Қазір бұған атлеттің қаншалықты қатысы бары, жаттығу дайындықтарының қалай жүргізілгені анықталып жатыр.
"Пандемияға қарамастан допинг шараларын міндетті түрде жүргізіп отырмыз. Елге халықаралық бақылаушылар келіп, атлеттерді халықаралық тест агенттігі тексерді. Олимпиадаға бірнеше апта қалған кезде тексерілген атлеттерді ұлттық антидопинг орталығы да өз бақылауына алды", – деді федерация атқарушы директоры.