Шоссеге жабысып, кейін ұшақ көкке көтерілгенде құлаған ауғандықтардың жан сауғалаған үрейлі кейпіне кешелі бері әлем елдері куә болып отыр. Ауған билігіне "Тәлібтердің" келуі арасын бір ғана мемлекет бөліп отырған Қазақстан үшін қаншалықты қауіпті? Жалпы "Талибандар" деген кімдер? Жергілікті халқы жаппай қашып жатқан елден елшілігін алып кетпеген өзге мемлекеттер қару асынған тәлібтермен дипломатиялық қарым-қатынас орнатуы мүмкін бе? Осы сауалдар төңірегінде теолог ұстаз, Нұр-Мүбәрак университетінің PhD докторанты, осыдан екі ай бұрын ғана Алматы қаласының бас имамы қызметінен босаған Еркінбек Шоқай 31-арнаның "Ащы да болса, ақиқат" бағдарламасында журналист Ирина Советжанқызына сұхбат берді. Теолог ұстаздың жауабының өзекті тұстарын ықшамдап ұсынып отырмыз.
"Талибандар" да – адам. Олар да мамыражай өмір сүргісі келеді"
Резиденция, үкімет және өзге үкіметтік мекемелерге кіргенде басқа бейнелерін көрсетті. Бұлардың негізгі мақсаты сол болған. Бастапқыда "Бейбіт халықты, бала-шағаны өлтірмеуіміз керек" деген секілді ұстанымдары болды. Пайда болғандарына 30 жылға жуық уақыт өтті. Бүкіл әлемдік бұқаралық ақпарат құралдары "27 жылдан кейін билікке келді" деп жазып жатыр. Топқа қосылған соң, көзқарас араласқан соң – осының үлкен үлесі болды деп ойлаймын. Бұлардың агрессиясының артып кетуіне, сонымен қатар, кейбір шариғат талаптарына сай келмейтін актілерге баруына осы нәрсе әсер етті деп ойлаймын.
Енді, әрине, 100% сенуге болмайды. Бірақ, менің ойымша, бұл "Талибандар" да – адам. Олар да мамыражай өмір сүргісі келеді. Ресми өкілдерінің "Әл-Жазираға" берген ресми мәлімдемесін тыңдап отырсам, "Біздің мақсатымыз – соғысты тоқтату, Ауғанстан халқының мамыражай, тұрақты, тыныш өмір сүруі" деп өздерінің пікірін, көзқарасын қайта-қайта айтып жатыр. Менің ойымша, бұлар "Талибан" мемлекеті ретінде өмір сүріп кеткен жағдайда белгілі бір уақыт уәделерін орындайды. Себебі, бұлар да адам ретінде, қоғам ретінде соғыстан шаршады. Кешегі сөзі мен ресми мәлімдемелеріне қарасаң, "Біз де әлем елдерімен халықаралық конвенциялар негізінде келісімшартқа сай өмір сүргіміз келеді" деп айтып жатыр.
Соңғы 20 жылда – 2001-2021 жылдары аралығында бұлардың тарапынан көптеген теракті болғанын білеміз. Ауғаныстан болсын, басқа елдерде болсын. Сондықтан бұлардың осындай тарихын біле тұрып, осындай табиғатын көре тұрып 100% сену белгілі бір деңгейде қателік болады деп ойлаймын. Олар қазір билікті қолға алды, әрі қарай сол жерде мемлекеттерін құрып өмір сүрейін деп отыр. Қазір бүкіл әлемдегі үлкен державалар бірауыздан бір позицияға келуі керек. Егер мойындайтын болсақ, халықаралық қауымдастық ретінде бірауыздан мойындауымыз керек. "Бізде екілі стандарт деген болмауы керек" деп Ұлыбританияның премьер-министрі мен АҚШ-тың мемлекеттік хатшысы да айтты. Менің ойымша, қазір әлем бұл мемлекетті мәжбүрлі түрде мойындауға келе жатқан сияқты.
"Талибандардың" өз ерушілерінің арасында басқа көзқарастағы азаматтар болуы мүмкін"
Олардың ортасында бірауыздан, бір ғана көзқарас қалыптасады деп айту қиын. Ресми өкіл негізгі басшылық ұстанымын айтып отыр деп ойлаймын. Тағы бір мәселені ескеру керек. Жалпы "Талибан" ұйымында басшыға бағыну, басшы тапсырмасын орындау, одан бұра тартпау деген – жоғары деңгейде қалыптасқан жүйе, тәртіп. Егер басшыға бағынбай, оңға-солға тартатын өздерінің жауынгерлерін, ерушілерін көретін болса, бұлар аямайды. Ол нәрсе тағы бар. Бірақ олар бірден осы Кабулды алды, талибандар мемлекетке ие болды, ертеңнен бастап тұрақтылық басталады, ертеңнен бастап елде тыныштық орнайды деп айту қиын. Себебі, қаншама жылдардан бері араларында келіспеушілік бар, арада қаншама кеткен қан мен кек бар деген секілді. Сондықтан ол "Талибанның" өзінің ерушілерінің арасында кейбір басқа көзқарастағы адамдар да болуы мүмкін. Тағы да өзінің басқа саяси амбициясы бар кейбір командирлер болуы мүмкін. Қанша дегенмен олар өзінің ықпалын күшейтуге, ерушілерін көбейтуге әрекет жасап, ішінара қақтығыстар болмайды емес, болады. Ол күтіледі.
Имамдар неге ұрысып уағыз айтады?
Әрқайсысы әртүрлі. Барлығы ұрысады деп айта алмаймын. Пайғамбарымыз адамға естіртіп сөйлейтін болған. Адам басқаша түсініп қалмайтындай етіп. Кейбір дін саласындағы уағызшыларымыз сондықтан нықтап, қаттырақ сөйлейтін шығар. Оны біз ұрысып жатырмыз деп түсініп қаламыз. Кейбіреулерінің табиғатына да байланысты. Бір оқиғаны айта кетейін. Ақтауда экстремизм-терроризм бойынша ақпараттық түсіндіру жұмыстарын жүргізіп жүрген кезім. Өзім трибунаға шыққан кезде нықтап, дауысымды көтеріп сөйлейтінім бар. Менің жанымдағы екі жігіт жай-жай сөйледі. Екеуі де – дін маманы. Сосын мен мінберге шығып кішкене қаттырақ-қаттырақ сөйледім, басып-басып. Сол жерде отырған Маңғыстау мектебінің директоры, одан қала берді мәслихат депутаты болған апайымыз жанымдағы жігіттерге қарап тұрып "Сіз екеуіңіз жақсы айттыңыздар. Бірақ өте жай, баяу айттыңыздар. Мынау Еркінбек бауырыма рахмет. Кәдімгідей дауысты қатты-қатты көтеріп айтты" деді. Бізге солай айту керек. Солай айтса, бізге жақсы жетеді. Жай айтқан бізге жетпейді, дейді. Сондықтан әр жерде әртүрлі. (...). Барлық имамымыз, уағызшымыз ұрысып сөйлейді десек, онда біз қателесеміз.
Еркінбек Шоқай Алматы қаласы бас имамы қызметінен неге кетті?
Себептер жоқ емес, бар. Бірақ мен себепті БАҚ-қа айтуға міндетті емеспін ғой. Бірақ өз еркіммен кеттім. Мені ешкім зорлаған жоқ, ешкімге өкпем жоқ. Құдайға шүкір, үш жарым жыл жасадым. Үш жарым жыл ішінде жамағаттың да сеніміне ие болдым, мешіттерімізді де көркейттік, діни кадрлар сапасын арттыруға барымды салып қызмет еттім. Мешітте үлкен ремонт жүрді. Билікпен де өте жоғары деңгейде гармониямен, үйлесімділікпен жұмыс жасадық. (...). Ешқандай өкініш жоқ. Ағартушылық саласында қызметімді жалғастырамын, ғылым жолында өзімнің диссертациялық жұмысымды қорғауым керек. Сонымен айналысамын, шәкірт тәрбиелейміз. Біраз ғылыми потенциалымды көтеріп алуға мүмкіндік болады деп отырмын. Қазіргі жағдайым осы. Сосын Алла нәсіп етсе, қызмет жасаймыз ғой.
Сұхбаттың толық нұсқасын төмендегі видеодан көре аласыздар: