ҚР премьер-министрінің орынбасары Ералы Тоғжанов Алматы қаласындағы әлеуметтік нысандарды аралап, зиялы қауым өкілдерімен кездесті. Кездесу барысында Art Sport бағдарламасына қатысты сұрақтарға жауап берді, деп хабарлады Baq.kz.
"Art Sport балаларды спортпен қамтып жатқан жұмыстардың бір шеті ғана. 2,4 миллион баланың 11%-ын ғана қамтып отырған ұйым. Қазақстанда одан басқа да көптеген ұйым бар. Спорт мектептерінде 368 мың бала шұғылданады. Олардың бәрін мемлекет ұйымдастырып, балаларға жағдай жасап отыр. Art Sport-қа қатыстының бәрін тексеріп жатырмыз. Олар да тариф төмен деген әңгіме айтып жатыр. Тарифті, бәрін есептеу керек. Мысалы, Шымкентте деректер сәйкес келмейді. Балалардың 20%-ға жуығы далада қалып қойған. Қағаз жүзінде өтті деп жазылған. Ол балалардың бәрі қайда? Мұның бәрін халық білуі керек", – деді Ералы Тоғжанов.
Премьер-министрдің орынбасары мәселе Art Sport төңірегінде ғана көтерілмеуі керек екенін айта кетті.
"Неге әңгіме Art Sport айналасында ғана жүр? Ол жерде "Арт Спорттың" сұрағын емес, балалардың мүддесін, мәселесін көтеру қажет. Балалардың тұлғасы көз алдымызда тұруы керек. Бүгін біраз ұйымды араладым. Кеше тарифті бір балаға 14 мың теңгеге түсірейін деп жатқанын, мұның аз екенін айтты. Бүгін Алматыда "Шыңға өрлеу" деген ұйымда болдым. Бір балаға тариф – 2 400 теңге. Ата-аналар алғысын айтып жатыр. Ақшаның айналасында балалардың мәселесін ұмытып кеттік. Тарифті емес, балаларды қамтып, оларға жағдай жасауымыз керек. Тарифті балаларды көптеп қамту арқылы төмендетеміз", – деді Ералы Тоғжанов.
Оның сөзінше, өз үйлерінде кішкентай бассейн жасап, балаларды дайындайтын орталық ашып қойғандар бар. Мұндай жағдайлар аз емес екенін, құқық қорғау органдары тексеретінін айтты.