Салтанат Нүкенованың ағасы Айтбек Амангелді Қуандық Бишімбаевқа қатысты сот отырысында ерлі-зайыпты арасындағы жанжал туралы айтты.
Айтуынша, оқиға 2023 жылғы 20 наурызда болған. Айтбек Амангелді жұмыстан кеш қайтқан күні Салтанаттың бірнеше рет хабарласқанын, хаттарын көрген. Ол ағасына бет-аузы көгерген фотосуретін жіберген. Осы суретті Айтбек сот отырысында көрсетті.
"Көре сала қоңырау шалдым. Бірақ ол жауап бермеді. Уайымдаған соң Қуандыққа хабарласып, не болғанын сұрадым. "Үйге кел, сөйлесейік, талқылайық" – деді ол. Жақсы, барамын дедім. Үйіне барып, подъезд алдында күттім. Есікті тоқылдатқанда басқа некедегі қызы ашты. Мені танитын болған соң есікті ашты. Үйге кіріп, оларды бірге іздедік. Бірақ бізден басқа үйде ешкім жоқ екен", – деп айтты Айтбек Амангелді.
Кейінірек Қуандық Бишімбаев пәтерге келген. Айтбек Салтанаттың қайда екенін сұрағанда Қуандық білмейтінін айтқан.
"Ол отбасыма араласпа деді. Тұрмысқа шықса да, шықпаса да қарындасым екенін, сондықтан бұл іске араласатынымды айттым. Мені итеріп жібермек болды, төбелес басталып кетті. Салтанаттың қайда екенін айтпаса, фотосуреттерді анасына жіберемін дедім", – деді Айтбек Амангелді.
Геолокация Салтанаттың телефоны осы ғимаратта екенін көрсеткен. Айтбек Қуандық Бишімбаевтың анасынан Салтанаттың үшінші қабаттағы пәтерде екенін білген, алайда ол пәтерге кіре алмаған.
"Басыма сан түрлі ой келді. Халі мүшкіл, жақын адамының сатқындығынан, жарақаттарынан өліп кете ме деп ойладым. Полицияға хабарласып, қарындасымды күйеуі ұрғанын айттым. Олар келіп, есікті бұзып кірсе дедім", – деп айтты ол.
Оқи отырыңыз: "Ұрып-соғып, интимдік видеоға түсуге мәжбүрлеген". Прокурор Бишімбаевтың әйеліне қалай зорлық көрсеткенін айтты
Айтбек есіктің тұтқасын сындырғаннан кейін Салтанат есікті ашқан. Ағасы бірге жүр десе де, үйден кетпеймін деген.
"Заттарыңды жина да, кетеміз" дедім. Ол өзінің ересек адам екенін, Қуандықты жақсы көретінін және некені сақтап қалатынын айтты. Бұдан қаттырақ ұрса сені өлтіреді деп айттым", – деді Айтбек Амангелді сот отыырсында.
Елорда сотында алқабилердің қатысуымен жұбайы Салтанат Нүкенованы өлтірді деп айыпталған Қуандық Бишімбаевтың соты өтіп жатыр.