Енді Қазақстанда кез келген адам баспана кезегіне тұра алады

Қазақстан азаматтарын үймен қамтамасыз ету құзырын Отбасы банк атқарады.

Енді елімізде кез келген адам баспана кезегіне тұра алады, деп хабарлады 31 арнаның Информбюро ақпараттық бағдарламасы.

Демек, ешбір санатқа кірмейтін азаматтардың да мемлекеттен тұрғын үй алуға мүмкіндігі болады. Ал Қазақстан азаматтарын үймен қамтамасыз ету құзырын Отбасы банк атқарады. Осылайша, баспана кезегі, пәтерлерді бөлу сияқты функциялар жергілікті әкімдіктен Отбасы банкіне өтеді.

"Тұрғын үй саясатын реформалау мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы" заңға сәйкес, енді кәмелет жасына толған кез келген Қазақстан азаматы ешқандай санатқа кірмесе де баспана кезегіне тұра алады. Сонымен қатар бұндай өтінімдердің барлығы онлайн түрде жүзеге асатын болады. Ал үй кезегінде тұрғандардың бірыңғай электрондық базасын жүргізу, азаматтарды есепке қою, баспана беру сияқты шешімдерді Отбасы банкі қабылдайды.

Айта кетейік, үйді бөлу кезінде жетім немесе ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балаларға, көпбалалы аналар мен көпбалалы отбасыларға және мүгедектігі бар жандарға басымдық беріледі.

"Осы заң бойынша, ҚР азаматы, тек екі шартқа сәйкес келетін азаматы мемлекеттен бір рет тұрғын үйге кезегіне тұруға мүмкіндік алады. Демек, оның атында кейінгі бес жылда үй болмауы керек немесе тұрып жатқан үйі апатты деп танылса. Егер бұрынғы заңға сәйкес сіз кезекке тұру үшін жаңағы мекемеге барып өзіңіздің санатыңызды растап, одан кейін тағы бір жерге барып кезекке тұру керек болса енді бұның жаңа ережеде қажеті жоқ. Тек Отбасына банкіне келіп, тіркелсе болғаны", – деді "Отбасы банкі" ақ басқарма төрағасының орынбасары Жансұлтан Матай.

Сонымен бірге жалға берілетін пәтерлерді үлестіру Отбасы банкінің құзіретіне кірді. Осылайша, банк азаматтардың табыс деңгейіне байланысты шешім шығарады.

"Заңға сәйкес шешімді деректер қорынан қарап, сізге мысалы, тұрғын үй қорынан үй беріледі деп шешім қабылдаймыз. Ары қарай, келісім жасап, оны алу әкімдіктің тарапынан. Демек, кезектің барлығы әкімдіктің тарапынан Отбасы банкіне өткеннен кейін, әкімдік тұрғын үй саясатына қатыспайды деген сөз емес. Себебі, әкімдік өз тарапынан тұрғын үйді салу, оны жалға берумен әкімдік айналысады", – деді "Отбасы банкі" ақ басқарма төрағасының орынбасары.

Аталған өзгерістер алты айдан кейін күшіне енеді. Оған дейін Қазақстан азаматтарын есепке қоюмен жергілікті әкімдіктер айналысады. Айта кету керек, банк бұрынғы режимде азаматтарға жеңілдетілген заем беруді жалғастыра береді.

Серіктестер жаңалықтары