Тікелей эфир

Енді еліміздегі балабақшаларға бағалау жүйесі енгізіледі

Ол баланың психологиялық дайындығын айшықтайтын құжат болмақ.

Енді еліміздегі балабақшаларға бағалау жүйесі енгізіледі, деп хабарлады 31 арнаның Информбюро ақпараттық бағдарламасы.

Демек, бұдан бұлай бөбекжайдағы тәрбиешілер баланың мінез-құлқын, білімге деген ынтасын қағазға түртіп отырады. Осылайша, бүлдіршін дәл сол құжатпен мектеп табалдырығын аттайды.

Премьер-министрдің орынбасары Тамара Дүйсенованың айтуынша, балабақшаға барған балалардың дені мектепке дайындықсыз келеді екен. Ал жаңа жүйе бұның алдын алады дейді.

Ол баланың психологиялық дайындығын айшықтайтын құжат болмақ. Сонымен қатар мұғалімдер де алдына келген оқушы туралы ақпарат ала алады.

Жаңа бастаманы бөбекжай тәрбиешілері де қолдайды. Себебі, расымен бағалау ата-ананың баласына деген жауапкершілігін арттырады және балабақшадан себепсіз қалу жағдайлары да азаяды.

"Балабақшада бала қоршаған орта, жол ережесі, отанды сүю сынды стандарт бойынша бәрін біледі. Кейбір балалар болады қазір мына заманда көбейіп кетті, тіл кемсітігімен келетін балалар бар. Бірақ біз ондай балаларды бөлмейміз, орта топқа барып жүріп мектепалды даярлық тобына барғанда енді-енді сөйлей бастайды. Жоспар бойынша бүгінгі өткен тақырып, ертең өтілмейді. Ол бала үлгермей қалатын жағдайлар да болады. Сондықтан, ата-ана мен тәрбиеші тығыз байланыста болып, балабақшадан қалмаса баланың нәтижесі сонда жоғары болады", – деді балабақша меңгерушісі Назгүл Саудабекова.

Серіктестер жаңалықтары