Қазақстанда тұрып жатқан шетелдік азаматтар да ревакцинациядан өте алады.
ҚР бас санитариялық дәрігері Ерлан Қиясов халықты жаппай қайта вакцинациялау туралы қаулыға қол қойды.
Құжатта енді барлық адамның, оның ішінде Қазақстан аумағында үш және одан да көп ай тұрған шетелдік азаматтардың КВИ-ға қарсы ревакцинациядан өте алатыны туралы жазылған.
Қаулыға сәйкес:
- бірінші вакцинация курсы аяқталған соң, араға алты ай салып КВИ-ға қарсы ревакцинация жасатуға болады;
- КВИ-ға қарсы екпе салдырған жүкті әйелдер жүктілігінің 16-37 аптасы аралығында ревакцинация жасата алады. Оларға ревакцинация жасау үшін "Комирнати" (Phizer, АҚШ) препараты қолданылады;
- вакцинаның толық курсын салдырған азаматтар коронавирус жұқтырса, емделіп шыққан соң араға 6 ай салып барып ревакцинация жасатады.
Қаулы күшіне енді.
Еске салсақ, алдағы 4 жылда медицина саласындағы тапшы мамандықтарға 11 мыңға жуық грант бөлінетіні туралы хабарлаған едік. 2023-2025 жылдары 156 дәрігерді әлемнің жетекші орталықтарында оқыту жоспарланып отыр.