Қазақстанда 2017-2021 жылдарға арналған "Еңбек" бағдарламасы аяқталды. Оған қатысқан студенттерге мемлекеттен шәкіртақы төленіп келді. Алайда, биыл бағдарламаның аяқталуына байланысты бағдарлама аясында әлі оқуын жалғастырып жатқан студенттерге стипендия төлеудің заңды негізі жойылған болатын.
Осыған орай, Ғылым және жоғары білім министрлігі Үкіметтің "Мемлекеттік стипендияларды тағайындау, төлеу қағидаларын және олардың мөлшерлерін бекіту туралы" қаулысына өзгерістер енгізуді жоспарлап отыр.
Оған сәйкес, 2017 – 2021 жылдарға арналған "Еңбек" мемлекеттік бағдарламасының бірінші бағытының шеңберінде оқуын жалғастыратын студенттерге мемлекеттік стипендия аралық аттестаттаудың (емтихан сессиясының) нәтижелеріне қарамастан төленеді.
Министрліктің мәліметінше, қазір бағдарлама аясында әлі 30 мың студент оқуын жалғастырып жатыр. Олардың 3 мыңы оқуын 2023 жылға қарай аяқтайтын болса, 27 мың студент оқуды 2024 жылы бітіреді.
Оқи отырыңыз: Студент, магистрант, докторанттардың шәкіртақысы қаншаға артты?