Елімізде аптап ыстықтан тұрақта тұрған көліктер өртеніп жатыр, деп хабарлады 31 арнаның Информбюро ақпараттық бағдарламасы.
Тіпті көп жағдайда қызыл жалын қасында тұрған өзге темір тұлпарларды зақымдап жатыр. Мәселен Павлодарда кейінгі бес күннің ішінде үш автокөлік отқа оранған.
"Сақтандыру компаниялары көлік өздігінен өртенген жағдайда өтем жасамайды. Бұл келісімшартта да көрсетілген. Тек автокөлікті біреу қасақана өртеген жағдайда немесе басқа да зақым келтірілген кезде өтемақы толықтай беріледі. Демек, сақтандыру компаниясы қосымша келісім болған жағдайда ғана төлем жасайды. Ал заң талап ететін қарапайым сақтандыру тек жол көлік апатында көмек береді", – дейді мамандар.
Төтеншіліктер көліктердің кенеттен өртке орануына көптеген фактор әсер етуі мүмкін дейді. Ең басты себеп: электр сымының қысқа тұйықталуы екен. Бұл әсіресе ескі көліктерде жиі болады.
Мұндай жағдайда темір тұлпар санаулы минуттың ішінде күлге айналады. Келеңсіз жағдайдың алдын алу үшін әуелі көлікті техникалық байқаудан жиі өткізіп тұрған жөн және темір тұлпарды тұраққа қояр кезде мейлінше рұқсат етілген орындарға, басқа көліктерден алысырық қалдырған абзал.