Президент тапсырмасы бойынша Астана су қоймасын тазарту жұмыстары басталды, деп хабарлады Экология және табиғи ресурстар министрлігінің баспасөз қызметі.
Министрліктің мәліметінше, Астана су қоймасы 1970 жылы салынған болса, содан бері онда тазарту жұмысы жүргізілмеген. Қойманың жалпы көлемі 410,9 млн, ал қазіргі көлемі 312,36 млн текше метрді құрайды. Су қоймасының 30 пайызы немесе 46,7 млн текше метрі – тұнба.
2023 жылы суға деген сұраныс – 97 млн текше метр. Оның 46 млн текше метрі қолданылды, жылдың соңына дейін қосымша 51 млн текше метрге сұраныс бар. Астана халқының саны жылдан жылға өсіп, тұтыну көрсеткіші ұлғайғанын ескере отырып, қойманы тереңдету, тазалау бойынша қос жобаны қолға алмақ. Себебі, 2030 жылы Астана халқы 2 миллионға жеткен жағдайда, 150 млн текше метр су қажет болады.
Оқи отырыңыз: "Реальное вредительство". Токаев о просчётах в сфере водообеспечения Астаны
"Тазалау жұмысын бастамас бұрын, алдымен, арнайы сүңгуірлер су түбінде нақты не жиналғанын анықтаулары тиіс, яғни, жұмыс барысы кезең-кезеңмен жүргізіледі. Мамандардың айтуы бойынша, климаттық жағдайға байланысты, балықтың уылдырық шашу кезеңін ескере отырып, тазарту процесі кемінде 10 жылға созылуы мүмкін деп болжайды. Себебі, 1 жылда 5 айдай ғана жұмыс істеуге мүмкіндік болады", – делінген министрліктің ресми хабарламасында.