Тікелей эфир

Экология министрлігі 1815 ақбөкенді ғылыми мақсатта алуға қатысты түсініктеме берді

Зерттеуге алынған киік төлдері жартылай ерікті жағдайда ұсталады.

Қазақстанда 2023-2024 жылдар аралығында 1815 ақбөкен ғылыми мақсатта пайдаланылады. Бұл туралы бұйрықтың жобасын Экология және табиғи ресурстар министрлігіне қарасты Орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі комитеті "Ашық НҚА" порталына орналастырған болатын. 

Экология министрлігі бұл бұйрықтың мәнін ақбөкендерге көп уақыттан бері зерттеу жүргізілмегенімен түсіндіреді

"Орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі комитеті ғылыми ұйымдармен бірлесіп, 2023 жылы ақбөкендер популяциясына ғылыми зерттеу жүргізуді жоспарлауда, оның барысында аталған жануардың даму болжамдары, таралу аймағы мен көші-қон жолдарын нақтылау, ақбөкендердің азықтық базасын зерделеу, ауыл шаруашылығымен бәсекелестікті төмендету жөнінде ұсыныстар әзірленеді", – деп жазылған хабарламада.

Осыған байланысты Зоология институтына ақбөкен популяциясының негізгі параметрлерін – популяциясын, жыныстық-жас құрылымын, өлімін, өсуін, тіршілік ету ортасын шектейтін факторларды анықтау және мониторингтеу бойынша ғылыми зерттеулер жүргізу үшін, сондай-ақ жануарларды еріксіз және жартылай ерікті жағдайда өсірудің биологиялық және технологиялық негіздерін әзірлеуге, бионегіздеме дайындау үшін ғылыми мақсатта алып қоюға квота көзделген. Ол үшін киік төлі тірі күйінде алынып, жартылай ерікті жағдайда ұсталады. 

"Мысалы, Жәңгірхан атындағы Батыс Қазақстан агротехникалық университетінде 2012 жылдан бастап киіктерді сақтау және ұтымды пайдалану үшін оларды өсіру бойынша питомник жұмыс істейді. Ветеринария саласында ғылыми зерттеулер жалғасуда және ақбөкендерді жартылай ерікті жағдайда ұстаудың технологиялары мен әдістері пысықталып жатыр", – делінген министрліктің хабарламасында.


Оқи отырыңыз: Экология министрлігі: Киіктердің республика бойынша оңтайлы саны 560-770 мың болуы керек


Айта кетейік, ғылыми квота Зоология институты, Жәңгірхан атындағы Батыс Қазақстан агротехникалық университеті, Ветеринария жөніндегі ұлттық референттік орталық сияқты ғылыми ұйымдардың өтінімдерінен құралады. 

Серіктестер жаңалықтары