Жамбыл облысы Сарысу ауданындағы бірнеше ауылда жедел жәрдем жоқ. Ауданнан, басқа ауылдардан шақырайын десе ұялы байланыс істемейді. Сондықтан тұрғындар халық емімен емделуге мәжбүр, деп хабарлады 31 арнаның "Информбюро" ақпараттық бағдарламасы.
Көкдала елдімекеніндегі ел жедел жәрдем болмағандықтан көбіне халық емімен емделеді. Медицинадан хабары бар жалғыз адам Айгүл Түсіпова Үлкен және Кіші Көкдала ауылдарының тұрғындарын бір өзі емдеп жүр. Тұмау өршіп тұрған тұста шақырту көбейген. Екі ауылдың арасында қатынап шаршағанын көрген күйеуі Айгүлге көлік алып берген.
138 адам тұратын екі ауылдың тұрғындары науқасты ауруханаға ауруханаға өз көлігімен, тіпті трактормен апаруға мәжбүр. Сол себепті жедел жәрдем қарастырылса деп тілейді. Ал жауаптылар адам саны аз болғандықтан аталған ауылдарға жедел жәрдем қарастырылмады дейді. Сондықтан медициналық көмек беруді көрші ауылдың мейірбикесіне жүктеген.
"Көкдала елдімекендеріне бір мейірбике қарастырылған. Көкдала 2 ауылындағы маман бала күтіміне байланысты еңбек демалысында болған соң Көкдала 1 ауылының мейірбикесіне үстеме жалақы беріп, қосымша жұмыс жүктелді", – дед Сарысу аудандық орталық ауруханасының бас дәрігері Бағлан Қыдырбаев.
Бұл ауылдарда ұялы байланыс жоқ. Тұрғындарға алыс-жақыннан хат-хабар алу үшін трактордың төбесіне шығуға тура келеді. Сол себепті олар әкімдіктен байланыс бағанасын орнатуды өтінеді.
"Кіші-Көкдала, Үлкен-Көкдала, Шағалалы елдімекендеріне 2023 жылы интернет тартылады. Облыстық басқармаға хат жаздық. "Қазақтелеком" бұрын үй телефонын тартқан. Алайда бұл тұрғындарға қолайсыз болған соң одан бас тартып, кәдімгі ұялы байланысты орнатуды сұрап отыр. Сарысу ауданында 25 ауылдың алтауында интернет төмен", – деді Сарысу аудан әкімдігі ішкі саясат бөлімінің басшысы Гүлнұр Алтынбекова.