Қыркүйек айында өткен іс-шаралардың нәтижесінде Қазақстанға 2024 жылғы 1-13 қыркүйек аралығында келген шетелдік туристер саны 597 мыңға жетті, деп хабарлайды Туризм және спорт министрлігінің баспасөз қызметі.
Туристердің 68 мыңы елімізге Астана және Алматы халықаралық әуежайлары арқылы, қалғандары авто және темір жол көлігімен келген.
Шетелдік туристер санының көбеюіне ықпал еткен негізгі факторлар – Дүниежүзілік көшпенділер ойындары мен танымал әнші Димаш Құдайбергеннің концерті. Аталмыш шараларға 89 мемлекеттің азаматтары келген.
"Шетелдік қонақтар негізінен Қытай, Ресей, Үндістан және Германия сынды мемлекеттерден келді. Қытайдан 8 мыңнан астам, Үндістаннан 6 мыңнан астам, Германиядан келген 4 мыңнан астам турист тіркелді. Әлбетте, бұл деректер Қазақстанға туристік бағыт ретінде қызығушылықтың артып келе жатқанын көрсетеді", – деп атап өтті Туризм және спорт вице-министрі Ержан Еркінбаев.
Вице-министрдің сөзінше, туристердің едәуір бөлігі Германия, Өзбекстан, Түркия, Қырғызстан, АҚШ және Оңтүстік Кореядан келген.
EQonaq жүйесінде Астанаға келген 12,4 мыңға жуық шетелдік турист тіркелді. Олардың тұруға, көлікке, тамақтануға және ойын-сауыққа жұмсаған жалпы шығындары 15,5 млн АҚШ долларын немесе 7,5 млрд теңгені құраған. Алыс шетелден келген туристердің орташа шығыны 1 500 АҚШ доллары шамасында. Демек Дүниежүзілік көшпенділер ойындарына келушілер ел экономикасына қосымша 625 мың АҚШ доллар қосқан.
Айта кету керек, елорданың танымал туристік нысандарына 7-13 қыркүйек аралығында келушілер саны артқан. Қазақстанның Ұлттық музейі 14 мыңнан астам адамды қабылдап, "Астана-Бәйтерек" монументіне 15 мыңға жуық турист, ал "Нұр-Әлем" павильонына 10 мыңға жуық адам келген.
Халықаралық деңгейдегі мәдени-спорттық іс-шара – Дүниежүзілік көшпенділер ойындары Қазақстанның туристік имиджін нығайту үшін елеулі үлес қосты. Көшпенділер ойынының ұйымдастыру комитетінің мәліметінше, Этноауыл мен ойындардың өзін көруге 250 мыңнан астам адам келген.