Тікелей эфир

Дүйсенова колледждің үздік түлектерін университетке емтихансыз қабылдауды ұсынды

Ол техникум түлектерін қолдау бойынша мұндай тәжірибе бұрын сәтті жүзеге асырылғанын еске салды.

Премьер-министрдің орынбасары Тамара Дүйсенова "Digital Kazakhstan: заманауи білім беру" республикалық тамыз саммитінде колледжді үздік бітірген студенттерді емтихан қабылдамастан университетке қабылдауды ұсынды, деп жазды ҚазАқпарат агенттігі

Үкімет өкілінің айтуынша, Қазақстанда мұндай тәжірибе бұрын болған және ол өз жемісін берген. Бұл үшін жоғары оқу орындары мен колледждердің білім беру бағдарламалары арасындағы сабақтастықты қамтамасыз ету қажет. 

"Мысалы, бұған тартылған беделді жоғары оқу орындары жоғары деңгейдегі инженерлерді даярласа, онда колледжер тиісінше техниктермен, технологтармен, жаңа буын механиктерімен ЖОО-ны толықтыруға тиіс. Мұнда бұрын техникумдарды үздік аяқтаған тұлғалар ЖОО-ның үшінші курсына емтихансыз қабылданғанын еске салғым келеді. Бұл тәжірибе мамандардың біліктілігіне қойылатын жаңа талаптарды ескере отырып, жаңартылуы тиіс", – деді Тамара Дүйсенова.


Оқи отырыңыз: Университетті қалай дұрыс таңдау керек? Асхат Аймағамбетовтің кеңестерін ұсынамыз


Вице-премьер білікті кадрлар тек жоғары оқу орындарында ғана емес, техникалық және кәсіптік білім беру ұйымдарда да дайындалуы керектігіне де тоқталды. 

"Өкінішке орай, бұл білім беру жүйесінің ең осал буыны болып қалуда. Дүниежүзілік экономикалық форумның 2019 жылғы мәліметінше, біз әлемнің 141 елі арасында түлектердің дағдылары бойынша 95-ші орында тұрмыз. Президент тапсырмасымен Үкімет барлық ТжКБ ұйымдарын түгендеуді аяқтады және профильдеуді жүргізуде. Келесі кезең – жоғары оқу орындарында жоспарланған өзгерістермен сабақтастықты қамтамасыз етуге бағытталған трансформация болуы керек", – деді премьер-министрдің орынбасары. 

Серіктестер жаңалықтары