18 қыркүйек күні Лас-Вегаста IBF және WBA бойынша әлем чемпионы Геннадий Головкин мен мексикалық Сауль "Канело" Альварестің үшінші жекпе-жегі өтеді. Боксшылар бұл кездесуде екінші орта салмақтағы абсолютті әлем чемпионы атағын сарапқа салады.
Жекпе-жек алдында Димаш Құдайберген Қазақстанның мемлекеттік әнұранын орындайды. Әнші Лас-Вегасқа Геннадий Головкиннің арнайы шақыртуымен бармақ.
Оқи отырыңыз: Ресейлік актриса Димаш Құдайбергенге пародия жасады. Алайда ол Максим Галкиннің сынына ұшырады
Айта кетейік, бокс әлеміндегі жылдың басты жекпе-жегін Qazaqstan және Qazsport арналары тікелей эфирде көрсетеді. Жекпе-жек Нұр-Сұлтан уақытымен 18 қыркүйек күні сағат таңғы 05:00-де басталады.
Геннадий Головкин мен Сауль "Канело" Альварестің алғашқы кездесуі 2017 жылдың 17 қыркүйегінде өткен. Ол тең аяқталды.
2018 жылдың 16 қыркүйегінде өткен екінші жекпе-жекте мексикалық боксшы GGG-дің барлық белбеуін жеңіп алды. Содан бері бокс промоутерлері реванш өткізу мүмкіндігі туралы жиі айтып жүрген еді.
Ал биыл 24 мамырда Геннадий Головкин "Канеломен" үшінші жекпе-жегі өтетін күнін ресми түрде жариялады.