Димаш Құдайберген 7 наурызда жаңа әнінің жарыққа шығатынын сүйіншіледі

Фото: ult.kz
Фото: ult.kz
Әнші мерекеге орай жаңа әнінің премьерасын жасады.

Әнші Димаш Құдайберген жанкүйерлеріне бейне үндеу жариялады, деп хабарлайды Dimashnews.

"Құрметті достар, менің сүйіктілерім Dears! Бүгін 30 қаңтар – біздің ортақ мерекеміз. 2017 жылғы сол бір есте қаларлық күннен бастап, сіздерге алғаш рет осылай Dears деп атағаныма бүгін 8 жыл толып отыр. Осы жылдар ішінде біз концерттік турларыммен Қазақстаннан бастап Азия, Америка, Еуропаға дейінгі көптеген қала мен елді араладық… Сіздердің ерекше ықыластарыңыз бен қолдауларыңыз үшін, менің шығармашылығыма қызығушылық танытып, маған сенім артқандарыңыз үшін сіздерге айтар алғысым шексіз. Бүгінгі туған күнімізбен шын жүректен құттықтаймын! Сіздерді жаңа концерттер мен қойылымдарда асыға күтемін", – деді Димаш Құдайберген.

Әнші осы мерекеге орай жаңа әнінің қашан жарыққа шығатынын айтты.

"7 наурызда әлемге әйгілі композитор және продюсер Вальтер Афанасьевтің жетекшілігімен халықаралық авторлар ұжымы жасаған туындыны жарыққа шығарамыз. Бұл Love’s not over yet әні. Сіздерге ұнайды деген үміттемін!", – деді әнші.

Айта кетейік, Love’s not over yet әні екі мәрте Грэмми сыйлығының иегері атанған продюсер және композитор Вальтер Афанасьев бастаған халықаралық топ жазған болатын.

Әнді Димаштың ерекше дауысына арнап Уолтер Афанасьефф, Доминик Бус, Флавиен Компаньон сынды композиторлар және сөзін Девон Грейвс жазды.

Серіктестер жаңалықтары