Деструктивті діни ағымдар идеологияларының таралуына қарсы жалпы профилактикалық іс-шаралар аясында 9 054 676 адамды қамтыған 10 782 іс-шара ұйымдастырылды. Бұл туралы елордада өткен ҚМДБ төралқа мәжілісінде діни оңалту бөлімінің меңгерушісі Хасан Аманқұл баяндады, деп хабарлайды muftyat.kz сайты.
"Мүфтияттың діни оңалту бағытындағы қызметкерлері 5 273 адаммен 5 973 жеке ықпал ету акциясын өткізген. Аталған акциялар нәтижесінде 219 тұлға ханафи мәзһабына өтті және арнайы мамандармен бірлесіп қорытынды шығаруы барысында 414 тұлға оңалды. ҚР ІІМ ҚАЖК түзету мекемелерінде 2 193 адамды қамтыған 2 756 жеке ықпал ету акциясы ұйымдастырылды", – деп атап өтті Хасан Аманқұл.
Сондай-ақ, оңалту бөлімінің өкілі атқарылған акциялар нәтижесінде 114 жазасын өтеуші азаматтың дәстүрлі Ханафи мазһабына өткенін, тағы жазасын өтеуші 120 азаматтың оңалғанын мәлімдеді.
"Яғни олар діни оңалту бағытына өкілетті мемлекеттік органдардың мамандарымен бірлесіп, қазақстандық қоғамдық құндылықтарға бейімделіп, Ханафи мәзһабын қайта ұстанып, деструктивті діни ағым идеологиясынан бас тартты", – деп қосты Хасан Аманқұл.