
Депутат Руслан Берденов пайдалануға берілген құрылыс нысандары үшін кепілдік мерзімі 2-5 жыл емес, 3-10 жыл аралығында болуға тиіс деп отыр, деп хабарлады 31 арнаның Информбюро ақпараттық бағдарламасы.
Мәжілісменнің пікірінше, кепіл уақыты жөндеу жұмыстары мен ғимараттың ерекшелігіне қарай бекітілуі шарт. Мәселен, жаңа тұрғын үйдің құрылымдық бөліміне 10 жыл, абаттандыруға төрт, ішкі жұмыстары мен инженерлік желілеріне үш жылды құрауы қажет.
Оның айтуынша, қазір кепілдік мерзімі әр өңірде әртүрлі. Яғни, бір аймақта 2-3 жыл, енді бірінде 5-10 жылды құрап отыр. Салдарынан, мердігер бөлінген қаражатты талан-таражға салып, сапасыз жұмыс, арзан құрылыс материалдарын қолданады. Ал кейін мемлекет сапасыз нысанды қайта жөндеуге қосымша қаржы шығындауға мәжбүр болады. Сол үшін "10 жылдық кепілдік" принципін енгізуді ұсынып отыр.
Ереже, бір жағынан, бюджет қаражатын тиімді игеруге ықпал етеді. Әрі, мердігерлерге деген сенімді арттыруға мүмкіндік береді.
"Автомобиль жолдарын орташа жөндеуге үш жыл, күрделі жөндеуге төрт жыл, жаңа құрылыс және қайта жаңарту жұмыстарына бес жыл. Жаңа және қайта жаңартылатын инженерлік желілерге пайдалануға кепілдікті 10 жылға дейін бекітуді ұсынамыз", – деді ҚР парламенті мәжілісінің депутаты Руслан Берденов.