Тікелей эфир

Депутат орман саласы мамандарын Түркия, Оңтүстік Корея, Канада елдерінде оқытуды ұсынды

Осы күнге дейін "Болашақ" бағдарламасы аясында бірде бір орман шаруашылығы маманы даярланбаған.

Соңғы екі жылда Қазақстан аумағында екі өте ірі орман өрті болды. 2022 жылы Қостанай облысының аумағында болған өрт 40 мың гектарға жуық орман аумағын құртса, өткен жылы Абай облысында болған өрт 63 мың гектар орман алқабын жойды. Осы орайда "Болашақ" бағдарламасы аясында орман саласы мамандықтары бойынша  жастармызды шетелге оқуға жіберу қажет, деп мәлімдеді мәжіліс депутаты Еділ Жаңбыршин. 

Депутаттың айтуынша, бүгінде орман мекемелерінде кадрлардың жетіспеушілігі орын алып отыр.

"Мысалы Шығыс Қазақстан облысының 13 орман шаруашылығында 747 орманшы қызмет атқарады, бұл нормативтің 70 пайызы. Бір орманшының қамтитын аумағы – 3 мың гектар. Жүктеме үлкен. Бұдан басқа жалақы мен әлеуметтік қолдау сұрақтары, орман мекемелерінің қызметкерлерін орман өрттерін сөндіру тактикасы мен тәсілдеріне оқыту, сондай-ақ қауіпсіздік техникасын сақтау бойынша сапалы даярлау жүйесінің болмауы өзекті мәселелердің бірі болып отыр. Жоғары оқу орындарында "орман ісі" мамандығы бойынша гранттар санын арттыру және төтенше жағдайлар министрлігі оқу орталықтарының базасында орман өрттерін сөндіру станцияларының қызметкерлерін оқыту мен үйретуді қолға алу қажет", – деді депутат. 

Ары қарай Еділ Жаңбыршин орман өрттерін болғызбау және оған қарсы күрестің заманауи әрі тиімді шаралары қолданылатын елдермен ынтымақтастық орнату қажеттігіне тоқталды. 


Оқи отырыңыз: Қазақстанға Амур жолбарыстарын әкелуге дайындық қалай жүріп жатыр? Фоторепортаж


"Олардың тәжірибесін зерделеу және қолдану қажет. Бұл – Түркия, Оңтүстік Корея, Канада, Балтық елдері және басқалар. Сондай-ақ, "Болашақ" бағдарламасы аясында орман саласы мамандықтары бойынша жоғарыда аталған елдерге жастармызды оқуға жіберу қажет. Біздегі ақпаратқа сәйкес "Болашақ" бағдарламасы аясында бірде бір орман шаруашылығы маманы даярланбаған", – деп қосты Еділ Жаңбыршин. 

Бұл мақала сізге пайдалы болды ма?
0

  Егер мәтінде қате болса, оны белгілеп, Ctrl+Enter батырмасын басыңыз

  Егер мәтіндегі қатені смартфонда көрсеңіз, оны белгілеп, «Қатені хабарлау» батырмасын басыңыз

Серіктестер жаңалықтары