Декларацияны ұсынған 497 мың жеке тұлғаның 440-ында 58 елдің шетелдік банктерінде банктік шоты бар екені белгілі болды. Ақшаның жалпы сомасы 691 млрд теңгені құрайды. Бұл туралы Қаржы министрлігі Мемлекеттік кірістер комитеті төрағасының орынбасары Жайдар Іңкәрбаев мәлімдеді.
"Ең көп банк шоты Ресей Федерациясы, АҚШ және Швейцарияда ашылды. 494 жеке тұлға 26 елде Қазақстан Республикасынан тыс жерлерде 666 жылжымайтын мүлік объектісін декларациялады. Оның ішінде 436 объекті – Ресей, 44 – БАӘ, 38 – Түркияда және т. б. Мұнымен қатар, 1 030 жеке тұлға 49 шет мемлекетте тіркелген 1 198 көлік құралын, оның ішінде 292 – Ресей, 235 – Армения, 221 – Жапония, 162 – Германияда және тағы басқа елдерде декларациялады", – деді Жайдар Іңкәрбаев.
Бұдан өзге 1 585 жеке тұлғаның 11 елде 1 603 жылжымайтын мүлік объектісінің құрылысына қатысу үлесінің бар екенін көрсеткені белгілі болды. Оның ішінде Қазақстанда – 1 568.
- 116 адам инвестициялық алтынды жариялады;
- 25 елде 918 адам бағалы қағаздарды жариялады;
- 635 инвестициялық пай қорларында 608 адамның пайлары бар;
- 212 адамның 218 зияткерлік меншік, авторлық құқық объектілері бар;
- 355 адамның дебиторлық берешегі бар;
- 578 адамның кредиторлық берешегі бар.
"Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл туралы" Қазақстан Республикасының заңына сәйкес жеке тұлғалардың декларацияларын ұсыну жөніндегі міндет жүктелген тұлғалар, активтері мен міндеттемелері туралы декларацияға қосымшаларда мүлікті сенімгерлік басқаруға беру туралы мәліметтер де көрсетіледі. 1 704 жеке тұлға 2 327 нысанды сенімді басқаруға берді", – деп қосты Жайдар Іңкәрбаев.