Парламент Мәжілісінде медицина саласындағы мәселелерді талқылауға арналған жиында депутат Дәулет Мұқаев церебралды сал ауруына шалдыққан баланың күтіміне жауапты ата-ананың бірін зейнетке ерте шығару ұсынысын айтты, деп хабарлады ҚазАқпарат агенттігі.
"Аутизм, церебралды сал ауруына шалдыққан балаларға өмір бойы ересек адамның күтімі керек. Оның жанында адам жүруі қажет. Осыған байланысты олардың ата-аналарының біреуінің зейнет жасын төмендету жағын қарастырып отырсыздар ма? Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігімен бірге кешенді жұмысты жоспарлап отырсыздар ма?" – деп сұрады Дәулет Мұқаев.
Өз кезегінде Денсаулық сақтау министрі Ақмарал Әлназарова зейнетке байланысты тиісті министрлік қаражат көлемін есептеуі керек екенін айтты.
Оқи отырыңыз: Мүгедек бала тәрбиелеп отырған ата-аналар білім грантын еңбекпен өтеу міндетінен босатылмақ
Сонымен қатар отырыстан кейін тілшілер министрден депутаттың аталған ұсынысын жүзеге асыру мүмкіндігі туралы сұрады.
"Негізі мәселені зерттеуге, ұсынысты қабылдауға болады. Біз ұсынысты қарастырымыз", – деді Ақмарал Әлназарова.