"Дарын" мемлекеттік жастар сыйлығына құжаттар қабылдау басталды, деп хабарлады Мәдениет және ақпарат министрлігінің баспасөз қызметі.
Конкурсқа 35 жасқа дейінгі, мәдениет, ғылым, медиа және спортта жетістіктері бар қазақстандықтар қатыса алады. Олар – халықаралық және республикалық конкурстардың, фестивальдар мен түрлі шаралардың лауреаттары, республикалық және халықаралық деңгейлердегі спорттық жарыстардың жүлдегерлері мен жеңімпаздары, сондай-ақ аталған салалар мен тұтастай қоғамды дамытуға ықпал еткен үміткерлер.
"Дарын" мемлекеттік жастар сыйлығы ғылым, шығармашылық, қоғамдық қызмет салаларында жемiстi еңбегімен көзге түскен, сондай-ақ жоғары спорттық жетістіктері үшін дарынды жастарды мемлекет тарапынан қолдау мақсатында ұсынылады.
Байқау 10 номинация бойынша өтеді:
- "Әдебиет";
- "Ғылым";
- "Дизайн және бейнелеу өнері";
- "Журналистика";
- "Классикалық музыка";
- "Креативті бастамалар";
- "Спорт";
- "Театр және кино";
- "Эстрада";
- "Халық шығармашылығы".
Оқи отырыңыз: "Дарын" сыйлығы енді қоғамдық қызметтегі жетістіктер үшін берілмейді
"Дарын" жастар сыйлығына үміткерлерді мемлекеттiк органдар, қоғамдық бiрлестiктер ұсынады. Жеңімпаздарға "Дарын мемлекеттік жастар сыйлығының лауреаты" атағы беріледі және олар дипломмен, төсбелгілермен сондай-ақ қаржылай сыйлықпен марапатталады.
Жыл сайын сыйлықты табыстау Қазақстан Республикасының Тәуелсіздік күнін мерекелеу аясында өткізіледі.
Еске салайық, "Дарын" жастар сыйлығы 1992 жылы дарынды жастарды ғылыми, шығармашылық, қоғамдық қызмет, сондай-ақ жоғары спорттық жетістіктері үшін мемлекеттік қолдау мақсатында тағайындалған. Содан бері аталған сыйлықты түрлі саладағы 340-тан астам азамат иеленді.