"Қазақстан халқына" қоры "Coursera" – қазақ тілінде" жобасын жүзеге асыру бойынша әлеуметтік желіде туындаған сұрақтарға жауап берді. Қордың хабарлауынша, бұл жобаны жүзеге асыруға қор 2 460 472 070 теңге бөледі. Бұл қаражат келесі мақсаттарға жұмсалады:
- 917 225 000 теңге платформаға қолжетімділік алу үшін Coursera компаниясына төленеді;
- 1 543 247 070 теңге курстарды аудару үшін BMG UpSkill компаниясына аударылады.
Ал 2024 жылдан бастап лицензиялар Ғылым және жоғары білім министрлігінің есебінен сатып алынбақ.
"Қор елдің өңірлік жоғары оқу орындарының студенттеріне Coursera білім беру платформасының 19 310 пайдаланушылық лицензиясын беру, сондай-ақ платформаның кең каталогынан жоғары оқу орындарының талаптары мен ұсыныстары бойынша іріктелген Coursera білім беру платформасының 654 курсын қазақ тіліне аударуды қаржыландырады", – делінген қордың ресми хабарламасында.
Оқи отырыңыз:
- 2023 жылы Coursera, EdX курстары қазақ тіліне аударылады
- Ғылым министрі: Қазақстанда жоғары білім еңбек нарығының сұранысына жауап бермейді
"Қазақстан халқына" қорының мәліметінше, Coursera каталогында әлемнің 170 жетекші университеттерінен 10 мыңға жуық курс, сондай-ақ 75 жетекші компания бар. Қазақ тіліне аудару үшін басым курстарды қазақстандық ЖОО оқытушыларының өздері таңдады. Министрлік жоғары оқу орындарының білім беру процесінде Coursera курстарын қолдану бойынша әдістемелік ұсынымдар әзірлеген жұмыс тобын құрды.
"2022 жылғы желтоқсанда Республикалық оқу-әдістемелік бірлестіктің отырысында осы оқу-әдістемелік бірлестіктермен қазақ тіліне аудару үшін ұсынылатын 654 Coursera курсының түпкілікті тізімі бекітілді. Бұл курстар әртүрлі білім беру бағдарламалары аясында шамамен 1,5 мың пәнді қамтиды. Қазір жобаның серіктесі BMG UpSkill компаниясы 50 курсты аударып үлгерді, жыл соңына дейін тағы 604 курсты ауыстыру жоспарланып отыр", – деп хабарлады қордың баспасөз қызметі.