Тікелей эфир

Бюджет қаражаты желге ұшты: Қызылордада миллиондарға егілген талдар қурап қалуы мүмкін

Қызылорда қаласында былтыр бюджеттің миллиондаған қаражатына егілген талдар тағы да қурап қалуы мүмкін.

Осылай дабыл қаққан қоғам белсенділері қалада жасыл желекті суару жүйесі әлі күнге дұрыс жолға қойылмағанын айтты. Айтуларынша, күтім болмағандықтан, соңғы 2-3 жыл көлемінде егілген ағаштардың көбі көктемеген. Мыңдаған түп жас шыбық жапырақ жаймастан солып, ал оған жұмсалған мемлекет қазынасы желге ұшып жатыр, деп хабарлайды 31 арнаның Информбюро ақпараттық бағдарламасы.

Қала орталығындағы аумаққа 3 жыл бұрын шенеуніктер тал егу шарасы кезінде 100 түп ағаш отырғызған. Ол үшін мемлекет қазынасынан қаражат бөлінген. Қазір егілген шыбықтардың бірі де қалмаған.

Былтыр көктемде қаланың әр аумағына 5 мың түп тал егілген. Әкімдік оған 10 миллион теңге жұмсаған. Ал ерікті түрде көшелерге ағаш отырғызып жүрген қоғам белсендісі Болат Нұрқожаев биыл осы шыбықтардың да көктеп кететіне күмәнмен қарайды. Оның айтуынша, жас ағаштарды суару технологиясы әлі де дұрыс емес. Шенеуніктер ағашқа күтім жасауда өңірдің аңқаны кептіретін аптабын, құрғақ ауа райын мүлдем ескермейген.

"Науқаншылық қой енді. Сенбіде келіп, мына жерге ағаш егіп кетеміз. Арық жүйесі жоқ, кім оны шелектеп суарып жүреді? Бұл –үлкен мәселе. Біздің Қызылордада мына Алматы, Шымкент, Ақтөбе не Қарағанды сияқты еккеннен кейін 1-2 жылда мәуелі ағаш болып кетпейді", – деді қоғам белсендісі Болат Нұрқожаев.


Оқи отырыңыз: Тал мен Талдыкөл


Қала көшелерін желектендіру жұмыстарының жүйесіз болғанын шенеуніктер де мойындайды. Олар олқылықтың орнын толтыруға тырысып жатқандарын айтты.

"Талды басқа бір мекеме егеді. Ал суды басқа бір мекеме тартады. Ағаш неге өспегенін сұрасақ, оның суарылмағанын айтады. Ал неге суарылмағанын сұрасақ, конкурс уақыты мамыр, маусым айларына дейін болатынын айтады. Осындай кемшіліктерді болдырмау мақсатында “Жасыл Қызылорда” деген мекеме бірыңғай осы Қызылорда қаласындағы талдарды егіп, сумен қамтамасыз етеді. Ағаш отырғызып, оның жайқалып кетуіне дейінгі шаруаның барлығына жауап беретін жаңадан мекеме ашуға мәжбүр болдық", – деді Қызылорда қаласы әкімінің орынбасары Ғалымжан Еркебай.

Серіктестер жаңалықтары