Қазақстанда жастардың 750 мыңы жұмыссыздар қатарында, ал бұл ресми статистикалық көрсеткіштен 10 есеге көп. Бұл туралы мәжіліс депутаты Елнұр Бейсембаев стратегиялық жоспралау және реформалар агенттігінің төрағасы Әсет Иргалиевке жолдаған сауалында айтты.
"Ресми мәліметке сүйенсек, Қазақстандағы орташа жалақы 339 мың теңгені құраса, халықтың жан басына шаққандағы табысы – 166 мың теңгені құрап отыр. Шынын айту керек, бұл цифрларға қарапайым халық сенбейді. Ең төменгі жалақы 70 мың теңгені құрайтын қоғамда, орта жалақы одан 5 есеге көп болуы мүмкін емес", – деді Мәжіліс депутаты.
Оқи отырыңыз: Қазақстанда ең төменгі жалақы күнкөріске жете ме? Инфографика
Сондай-ақ, депутат азық-түлік бағасына қатысты ресми статистканы да сынға алды. Статистика бюросының мәліметінше, 2023 жылдың наурыз айына азық-түлік бағасы шамамен 21 пайызға өскен.
"Ұлттық статистика бюросы 10 жұмыртқа – 490 теңге, айранның литрі – 390 теңге, пияз – 182 теңге, ал қияр мен қызанақ бағасын 1000 теңгенің көлемінде дейді. Бірақ, кеше бүкіл аймақ бойынша "AMANAT" партиясының мониторингтік топтары азық-түлік бағаларын қадағалады. Нәтижесінде, пияздың бағасы 350 теңге, қияр мен қызанақ – 1600 теңге, ал жұмыртқаның бағасы 600 теңге. Яғни 1,5-2 есеге дейін, 70-100 процентке бағаның шарықтағаны байқалады. Рас, қазір дүкенге баруға қорқасың, баға күн санап өсуде. Мысалы, үш адамнан тұратын отбасы бір апталық тамағына ең кемі 40-50 мың теңгенің арасында ақша жұмсайды" – деді Елнұр Бейсембаев.
Оқи отырыңыз: Тоқаев: Жұрттың ай сайын жұмсайтын қаржысының тең жартысынан көбі азық-түлік алуға кетеді