Тікелей эфир

Бүгін – ЖИТС-тен қайтыс болғандарды еске алу күні

depositphotos.com
depositphotos.com
Мамыр айының үшінші жексенбісінде, яғни бүгін – 15 мамырда, әлемде ЖИТС-тен қайтыс болған адамдарды еске алу күні атап өтіледі.

Биылғы ЮНЭЙДС ұраны: "Біздің жадымызда! Біз әрекет етеміз! Біз АИТВ індетінен көппіз!".

Ұран өмірін індетке ұшыратқан адамдарды ұмытпауға, ақпараттық және профилактикалық бағдарламалар мен жобаларды белсенді іске асыруға, АИТВ-мен өмір сүретін адамдардың (АӨА) олар жұқтырған індеттен құнды екенін және оларды стигмалауға және кемсітуге болмайтынын түсінуге шақырады. 

Бүгінде заманауи медицина жетістіктерінің арқасында АИТВ-инфекциясы созылмалы ауруға қатарына қосылды. Антиретровирустық препараттармен (АРВП) емдеуді уақытында бастап, дәрігердің барлық нұсқауларын орындаса, АИТВ жұқтырған жандар ұзақ және толыққанды өмір сүре алады.

Қазақстанда он жыл ішінде ЖИТС-тен болатын өлім-жітім екі есе азайды.  

Жүргізілген жүйелі профилактикалық шаралардың нәтижесінде елімізде АИТВ-инфекциясының таралуы бойынша жағдай Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының бағалауы бойынша шоғырланған сатыда сақталып отыр. Бір жыл ішінде тестілеу көлемі 15 пайызға артты. Есепке қою кезінде жүкті әйелдерді тестілеумен қамту 99,6% құрайды.

БҰҰ-ның 2021 жылғы Саяси декларациясының мақсаттары мен ЮНЭЙДС 95-95-95 мақсаттарын орындау шеңберінде Қазақстанда АӨА бағалау санынан 81%-ы өзінің АИТВ ахуалын біледі, оның ішінде АРТ – 79% қабылдайды, айқындалмайтын вирустық жүктемесі бар науқастар саны – 86%.  

Алматы облысында АИТВ жұқтырған 4103 азаматы тіркеуде тұр. Бұл адамдардың 33,9%-ы – инъекциялық есірткі тұтынушылар, жыныстық жолмен берілу үлесі – 60,67%. Биылғы 3 айда 71 жаңа жағдай тіркелді.

Дүниежүзілік ЖИТС-тан қайтыс болған адамдарды еске алу күні індеттен қайтыс болғандарды еске алу, олармен ынтымақтасу, тестілеуден өту қажеттілігі туралы хабардар ету, АИТВ індеті әрқайсымызға әсер етуі ықтимал деп ойлау мақсатында өткізіледі. 

Еске алу күні алғаш рет 1983 жылы АҚШ-та Сан-Францискода өтті. 1991 жылы калифорниялық суретші Фрэнк Мур ЖИТС-ке қарсы күрестің символын жасады – бұл күні індетке ұшыраған адамдармен ынтымақтастық белгісі ретінде киімге бекітілген қызыл бау тағады.

Тағы бір символ – ЖИТС-тен қайтыс болғандардың есімдері жазылған квилт-жамылғы және шамдар жағу.

Бұл күндері Қазақстанның барлық өңірлерінде ЖИТС орталықтары, ҮЕҰ қызметкерлерінің, азаматтық белсенділердің қатысуымен түрлі іс-шаралар мен акциялар өтуде. Алматы облысында халыққа арналған науқан басталып та кетті. Алматы облыстық ЖИТС-тің алдын алу және оған қарсы күрес орталығы мен Талдықорған қаласындағы бөлімшенің алдын алу мамандары Жамбыл, Талғар, Іле аудандары мен Талдықорған қаласында мектеп оқушыларымен акциялар, тұрғындар және студент-жастар үшін кеңкөлемді кездесу, концерттік бағдарлама, дөңгелек үстел, емдеу мекемелерімен ашық есік күндерін ұйымдастырып жатыр. Сондай-ақ, "Доверие плюс" үкіметтік емес ұйымымен бірлесіп оңалту орталығында жедел тестілеу жүргізілсе, облыстың жоғары оқу орындары мен арнайы оқу орындары студенттері арасында волейболдан турнир өткізілмек. 

Гүлжанат Шонабай,

Алматы облыстық ЖИТС-тің алдын алу және оған қарсы күрес орталығының баспасөз хатшысы 

Серіктестер жаңалықтары