Елдің тұрақты дамуы үшін инвесторлар құқығын қорғау, бизнес-климатты жақсарту маңызды. Осы орайда Батыс Қазақстан облысының прокуратурасы ауқымды жұмыс атқарды.
Президенттің тапсырмасы аясында бизнес ошақтарының құқығын қорғауға ерекше көңіл бөлініп отыр. Кедергілерге тап болған 9 инвесторға облыс прокуратурасы көмек қолын созған. Бүгінгі таңда олдардың ішінде 4 мәселе бойынша іс оң шешімін тауып отыр. Мәселен, Теректі ауданына қарасты Юбилейный ауылында орналасқан зауыт та солардың қатарында. Өндіріс қуаттылығын арттыру үшін жергілікті әкімдіктен инвестор жер сұраған екен. Атқарушы билік түрлі сылтау айтып, құжат сұратып, оның өтінішіне құлақ аспаған.
"Өндірісті кеңейту үшін әкімдіктен жер сұрадық. Бірақ, мәселеміз шешілмеді. Сол себепті біздер прокуратураның фронт-кеңсесіне өтініш жаздық. Осы кеңсесінде барлық әкімдіктер мен кәсіпкерлер палатасының қатысуымен жиналыс өтті. Соның нәтижесінде бізге көмек көрсетілді. Бүгінде жерді рәсімдеп, өндірістің көлемін арттыру үшін жұмыс істеуді бастап кеттік", – деді зауыттың техникалық директоры Сергей Садовкий.
Прокуратураға шағымданған 9 кәсіпкердің мәселесі әр түрлі. Прокурорлар өндірісін дамытуда қиындықтармен бетпе-бет кездескен инвесторлармен арнайы жүздескен. Оларды әсіресе субсидия алудағы кедергілер мен орынсыз тексеріс мәселесі мазалайды.
"Бұл жобамен қоса басқа да жобалар біздің фронт-кеңсе аясында қарастырылған болатын. Барлық инвесторлар проблемалық мәселелермен жүгіне алады. Яғни бүгінгі таңда прокуратура органдары маңызды инвестициялық жобаларды қолдау бағытындағы бірлескен жұмысты үнемі атқарудамыз", – деді БҚО прокурорының аға көмекшісі Артур Шоқпанов.
Қадағалаушы орган арқылы құқықтарын қорғаған 4 инвестор көрсетілген қолдауға дән риза. Олардың инвестициялық жобаларының жалпы құны 4 млрд 600 млн теңгені құрайды. Кәсіпкерлер 140-тан астам жергілікті азаматты жұмыспен қамтып отыр.