"Атамекен" өнер ордасында өткен іс-шараға 1200 аса жас қатысты. Олардың қатарында өнерде, білімде, кәсіпте, спортта жетістіктерге жетіп жүрген ұландар бар. Сондай-ақ жастар ұйымдары өкілдері, студенттер, студенттік өзін-өзі басқару ұйымдары, волонтерлер мен белсенді жастар да форум қатысушысы атанды.
Жиналғандарды Батыс Қазақстан облысының әкімі Нариман Төреғалиев ұлттық мерекеміз – Республика күнімен құттықтап, форум жұмысына сәттілік тіледі.
"Өткен жылы Ұлттық құрылтайдың алғашқы отырысында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев Республика күніне ұлттық мереке мәртебесін қайтаруды ұсынып, "Республика күні – еліміздің мемлекет құру жолындағы тарихи қадамының символы болуы қажет. Әрине, Тәуелсіздік күнінің мәні сақталып, мемлекеттік мереке болып қалады. Бірақ тәуелсіздік алуға үлес қосқан ұлттық батырларымызға тағзым күні ретінде атап өтілуі керек", – деді. Мемлекеттік мерекелердің тізімінде Республика күні Ұлттық мереке ретінде екінші жыл аталып өтуде. Яғни, ұлттық мерекеміздің тарихи шежіресі сіздермен бірге жасап келеді. Мұның саяси, тарихи рөлін терең түсінгендеріңіз абзал", – деді сахнада сөз алған Нариман Төреғалиұлы.
Биылғы жылы белсенді, шығармашыл жастар қоғамдастығын қалыптастыруға бағытталған жастардың жаңа және бұрыннан бар бастамаларына мемлекеттік қолдау көрсету мақсатында өңір жастарына "Тәуелсіздік ұрпақтары" гранты ұсынылды. Сахнада аймақ басшысы ғылым, мәдениет, ақпараттық технологиялар, бизнес, медиа салалары бойынша жаңа зерттеулермен, жобалармен айналысып жүрген белсенді, іскер жастарды марапаттап, оларға сертификаттар табыстады.
БҚО-да жастар өңір халқының 19 пайызын құрап отыр. (14 пен 35 жас аралығындағы 187 635 жас бар болса, оның 104 685 қалада, ауылда – 82 906).
Биыл жастар саясатын іске асыру үшін облыс бойынша 216,8 млн қаражат бөлінген. 238 жас кәсіпкерге несие беру жоспарланып, жаңа бизнес-идеяларды іске асыру үшін 1 190,0 млн теңге қарастырылған. Бүгінгі таңда 176 жасқа несие беріліпті. Мемлекет тарапынан жастарға ұсынылатын қолдау шаралары көп болғанымен елімізде оларды жұмыспен қамту, әлеуметтік мәселелерін шешу әлі де өзекті. Осыған орай аймақ басшысы жастар ресурстық орталықтары жұмысын күшейту қажет екенін атап өтті. Айта кетейік, БҚО-да 14 жастар ресурстық орталығы бар.
Жігерлі, жолбарыстай қайратты, ұлттық рухы жалындаған зал толы жастар еліміздің көк туын қолдарына ұстап, желбіретіп, патриоттық әндерді қосыла шырқады.