Жаңа жатақхана ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың "Әділетті Қазақстан – бәріміз және әрқайсысымыз үшін. Қазір және әрдайым" сайлауалды бағдарламасының 89-тармағында көрсетілген
"Студенттік жатақханадағы орын тапшылығы мәселесін шешу" тапсырмасына сәйкес жүзеге асты. Салтанатты жиын ҚР Жоғары білім және ғылым министрі Саясат Нұрбектің арнайы бейнеқұттықтауымен басталды. Министр 90 жылдан астам тарихы бар Махамбет Өтемісов атындағы Батыс Қазақстан университеті Ақжайық өңіріне жүз мыңға жуық кәсіби білікті ұстаз-маман дайындап шығарған білім ордасы екенін атап өтті. Батыс Қазақстан облысының әкімі Нариман Төреғалиев Республика күніне орай өңірдегі білім мен ғылымның қара шаңырағы – Махамбет батыр есімін иеленген Батыс Қазақстан университетінде төртінші жатақхананың ашылып отырғанын жеткізді.
Министрдің өзі құттықтау сөзінде университеттің педагог маман дайындаудағы зор үлесін атап өтті. Қаншама түлек осы оқу орнынан шыққаны белгілі. Біздің түлектер биіктен көрініп жүр. Біз олармен мақтанамыз. Бұл білім ордасының БҚО бойынша атқарып жатқан келелі істері көп,-деді ашылу салтанатында сөз алған аймақ басшысы Нариман Төреғалиұлы.
Су жаңа жатақхананың лентасын қию құрметі облыс әкімі Нариман Төреғалиев, М.Өтемісов атындағы Батыс Қазақстан университетінің ректоры, профессор Нұрлан Серғалиев пен Қазақстан Республикасы Президентінің атаулы шәкіртақысы иегері, республикалық пәндік олимпиаданың жеңімпазы, студенттер үйінің тұрғыны, педагогика факультетінің 4-курс студенті Гүлсезім Сегізбаевға берілді. Айта кетейік, нысан заманауи инфрақұрылыммен жабдықталған. Әр секцияда ас үй, жатын бөлме, жуыну бөлмелері бар. "Қаржы орталығы" АҚ Ғылым және жоғары білім министрлігінің атынан университеттің жатақхана салу шығындарын 6 жыл ішінде өтейді.
"Жатақхананың бағасы студенттерге ай сайын 8 жарым мың теңге. Қазір "Қаржы орталығы" министрлікпен және университетпен келсім шарт жасады. 6 жыл әр студентке 195 АЕК көлемінде төленеді. Жатақханаға жұмсалған ақшаны 6 жылда қайтарып аламыз", – дейді М. Өтемісов атындағы БҚУ ректоры, прфессор Нұрлан Хабиболлаұлы Серғалиев.
195 АЕК-бұл 1 орынға мемлекеттік тапсырыс мөлшері. 500 студент қоныстанған кезде айына 28 млн теңге төленеді. Жатақхананың құрылысы мен пайдалануға беру барысында ҚР Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек пен Батыс Қазақстан облысының әкімі Нариман Төреғалиев арасында екі жақты келісімге қол қойылды. БҚУ басқарма төрағасы – ректор Нұрлан Серғалиев жобаға бастан аяқ жетекшілік етті. Аталмыш нысанды мемлекеттік сатып алу шартына сәйкес мердігер ұйым – "BETA Services" ЖШС салды.