Аудандағы Магистральное ауылында жүзге жуық адам еңбек ететін мұнай өңдеу зауыты қайта жанданған болатын. Жұмыс күшінің 36 пайызын жергілікті тұрғындар құрайды. Дәл осы жерде URAL Petroleum серіктестігі көмірсутегі шикізатын өңдеп, сақтайды. Сондай-ақ мазут, кеме отыны және нефрас өндіріледі.
"Ауылдық жерде жұмыс орнын ашып отырған нысандардың тек өңірдің ғана емес, күллі елдің экономикасына тигізер пайдасы зор. Оларға артылған жауапкершілік жүгі де ауыр", – деп атап өтті Батыс Қазақстан облысының әкімі Нариман Төреғалиев.
Келесі нысан-ұзындығы 10 шақырымнан асатын Покатилов ауылында салынып жатырған кіреберіс жол құрылысы. Мердігер жұмысынан кемшілік байқаған өңір басшысы қатаң ескерту жасады. Келесі жылы аяқталуы тиіс жұмысқа бюджеттен 1,2 млрд теңге қаражат бөлінген екен. Бұл ақшаның бір тиынын желге ұшырмай, әлеумет үшін маңызды жолды қолданысқа тапсыру абыройлы іс екеніне екпін түсірді.
Әкімнің сапары Теректі ауданы тұрғындарымен кездесумен жалғасты. Жергілікті халық ауыз су сапасы, жол салу, Жайық жағалауын бекіту мәселелеріне қатысты сауалдарын қойып, өңір басшысының өз аузынан жауап естуге мүмкіндік алды. Ауылда өндірісті дамыту-қашан да өзектілігін жоғалтқан емес. Бұл орайда мемлекет тарапынан да қолдау баршылық.
"Мемлекет басшысы кеше Жолдауында: "Экономика, экономика, экономика" деп айтты. Сол экономиканы дамытатын боламыз сіздермен бірге. "Мен жұмыс істеймін, маған көмек бер" деген адамның бәріне көмектесеміз. Ауылдың жастарын көтеріңдер деп жатыр бізге. Тұрғындар медициналық қызмет сапасын да одан әрі жақсартуды сұрады. "Ұлттық жоба шеңберінде алдағы екі жыл ішінде өңір бойынша 50 медициналық нысан салынып, заманауи жабдықтармен қамтылады", – деді көпшіліктің көкейіндегі біраз сұраққа жауап берген облыс әкімі.
"Ауыл аманаты" бағдарламасы бойынша мал шаруашылығын бастаған фермерлердің ісі де көңіл сүйсіндіреді. Мәселен, осы кәсіпті қолға алу үшін қаладан көшіп келген ветринар маман Әділбек Жолдасбеков сүт өндірісімен айналысуда. Ол мемлекеттік бағдарламамен 8,6 млн теңге жеңілдетілген несие алыпты.
"18 бас асыл тұқымды ірі қара сатып алдым. Оларды қолдан ұрықтандырамын. Қажетті құрал-жабдықтар бар қолымда. Мал қыста төлдейді. Содан соң сүт өндірісіне кірісемін. Алдын ала есебім бойынша, күніне 300 литр сүт аламын деп жоспарлап отырмын", – дейді фермер Әділбек Жолдасбеков.
Дәл осы ауылда мал өсіруге, оның өнімін өндіруге талпынған басқа да шаруалар бар. Нариман Төреғалиұлы еңбекқор жандардың ісі көпке үлгі екенін атап өтті. Ал туындаған мәселелерді шешу үшін бірлесе жұмыс жасауға шақырды.